Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді, "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Жиынға Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының мүшелері, ұлттық компаниялар мен еліміздің бизнес өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы жеке бастама мен еркін кәсіпкерлік - экономиканы дамытудың және еліміздің әл-ауқатын арттырудың негізгі факторлары екенін атап өтті. Бұл факторлар бүгінгі отырыс тақырыбының «Кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасын жаңғыртудың негізі» деп аталуына түрткі болғанын айтты.
– Былтырғы жыл біздің бизнес үшін табысты болды. Нақты жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 11 пайызға көбейіп, 1,3 миллионға жетті. Шағын және орта бизнес өндіретін өнім көлемі 14 пайызға артып, 26,5 триллион теңгені құрады. Экономикадағы бұл саланың үлесі өткен жылғы көрсеткіш бойынша 25,6 пайыздан 28,3 пайызға дейін өсті. Бұл жаман көрсеткіш емес. Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500-ден астам өнім түрлері шығарыла бастады. Экспорттың таралым аумағы кеңеюде, отандық өнімдер әлемнің 120 елінің нарығына жеткізілуде. Бірақ, жетістіктермен бірге, бірқатар шешімін күткен мәселе де бар. Бұл – іскерлік ахуал, тауарларды өткізу нарығы, қаржыландырудың қол жетімділігі сияқты мәселелер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндетті белгілеп берді. Баяндамада Қазақстан компанияларының қаржылық тұрақтылығын арттыру және отандық кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жоғары басшылығы отандық бизнеспен жүйелі диалог жүргізу үшін Ұлттық инвесторлар кеңесі тұрақты жұмыс істейтін алаң болуы тиіс екенін айтып, Үкіметке Кеңес жұмысының жаңа форматын бекіту жөнінде жарлық жобасын әзірлеуді тапсырды.
Отырыста «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Alageum Electric» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов, «Textiline» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Инна Апенко, «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асен Жақсылықов, «Меthod» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дагар Давлетовтер баяндама жасады.