05 ақп, 2021 сағат 12:55

Тоқаев: Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы – бұл ел тарихындағы айрықша маңызды кезең

"Ұлт ақпарат" оқырман назарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінін ұсынады.

***

Құрметті Мемлекеттік комиссия мүшелері!

Биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды.

Біз Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өтіп, қуатты Қазақстанның іргесін қаладық.

Енді Егемендігіміздің төртінші онжылдығына қадам басамыз.

Бұл – Еліміз үшін аса маңызды кезең.

Осы атаулы жылға дайындығымыз сақадай сай болуы керек.

Бүгін мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына жиналып отырмыз.

Комиссияға зор жауапкершілік жүктеледі.

Өткен айда менің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалам жарияланды.

Онда Еліміздің алдағы идеялық бағдарына арнайы тоқталдым.

Мақсаттарымызды айқындап, тапсырмалар бердім.

Мақалада көрсетілген бастамалар тиянақты іске асырылуға тиіс.

Құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайды.

Пандемия кезіндегі барлық қауіпсіздік талаптары сақталатын болады.

Әрбір іс-шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет.

Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынады.

Баса назар аударатын мәселелер 30 жылдықтың тұжырымдамасында көрсетілген.

Осыған орай, Үкімет арнайы жоспар әзірледі.

Бүгінгі талқылаудан кейін жоспарды тағы да пысықтаймыз.

Ең бастысы, барлық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мағыналы өтуі керек.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт.

Себебі, өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды.

Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек.

Егемендіктің биік белесін қалай атап өткеніміз жөн?

БІРІНШІ. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы – бұл ел тарихындағы айрықша маңызды кезең.

Біз осы жылдарда атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы мақсатымызды айқындаймыз.

Қазір заман басқа. Адамдардың санасы да айтарлықтай өзгерген.

Оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеруде.

Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес.

Тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізу де қажет емес.

Тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударған жөн.

Біз үшін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – басты міндет.

Елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан ету артық.

Жұрт бізден өміріне өзгеріс әкелетін нақты қадамдар күтеді.

Мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауға тиіс.

Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр.

Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек.

Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі.

Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс.

Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет.

Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны.

ЕКІНШІ. 30 жылдықты біз қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал.

Мен бұл жөнінде өз Жолдауымда және Парламент сессиясының ашылуында толық атап көрсеттім.

Қазір алдымызда мүлде жаңа міндеттер тұр.

Біз саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асырамыз.

Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылдауымыз қажет.

Осы орайда, мен Үкіметке тиісті заң жобаларын жедел әзірлеуді тапсырдым.

Парламент оны уақтылы қарауы керек.

Еліміз егемендіктің келесі белесіне тың өзгерістермен қадам басқалы отыр.

Алдағы он жылда елдің жаңа келбетін және ұлттың жаңа болмысын қалыптастырамыз.

Тиімді заңдар қабылдау арқылы маңызды реформалардың негізі қаланады.

Экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ – елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болмақ.

Реализуемая нами сегодня системная модернизация страны направлена на последовательное раскрытие потенциала людей в обществе, экономике, культуре.

На это также нацелены последние изменения в сферах государственного планирования и управления.

Мы будем поэтапно устранять все существующие дисбалансы и барьеры на региональном уровне, поскольку для построения сильного независимого Казахстана нам нужны конкурентоспособные регионы и устойчивое развитие каждого города и села.

Мы значительно укрепим позиции предпринимательского класса через приватизацию госактивов на пять триллионов тенге до 2025 года.

Возобновим программу «Народное IPO», чтобы казахстанцы получили возможность обрести часть национального богатства и внести свой вклад в развитие флагманов отечественной экономики.

Одним из базовых компонентов нашей политики является повышение качества человеческого капитала.

Мы должны отметить 30-летие Независимости конкретными делами и проектами, в которых улучшение благополучия людей выступает в качестве главной цели всех наших усилий.

ҮШІНШІ. 30 жылдықта атқарылатын шаралар негізінен жастарға арналуы керек.

Біз не жасасақ та, бәрін болашақ ұрпақ үшін жасаймыз.

Бүгінгі жастар – өте білімді, алғыр.

Олардың көзқарас көкжиегі кең, жаһандық үрдістің беталысын терең түсінеді. Ауқымды ойлай біледі.

Ғылым мен технологияның қыр-сырын игерген. Алпауыт компанияларда қызмет істеп жүргендері де көп.

Біздің ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары.

Ешқайсысы да игілікті істен шет қалмауға тырысады.

Пандемия өршіген кезде мыңдаған жастарымыз халыққа қол ұшын беруге ұмтылды.

Былтырғы Волонтер жылында бәріміз еріктілердің қажырлы еңбегіне куә болдық.

Жастардың құлшынысы зор.

Осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсатқа жұмылдыру қажет.

Індеттің беті қайтқан жоқ.

Тұтас ел болып ұйысатын басқа да шаруалар аз емес.

Сондықтан, волонтерлік қозғалысты әрі қарай дамытып, оның қуатын дұрыс арнаға бағыттау – өте маңызды.

Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту.

Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті.

Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек.

Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет.

Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар.

Бірақ, жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді.

Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз.

Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді.

Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту жұмысымен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет.

Қазіргі таңда жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде.

Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады.

Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады.

Жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн.

Әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыру керек.

Сонда жұмыс жүйелі болады.

Оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек.

Қазақстан – дарынды жастар мекені.

Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар.

Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз.

Значимым направлением, в котором наша талантливая молодежь способна сыграть ключевую роль является креативная экономика.

Сегодня на международном уровне Казахстан успешно продвигают наши молодые ученые, певцы, музыканты, актеры, дизайнеры и представители других творческих профессий.

Креативная индустрия является одним из самых быстрорастущих сегментов мировой экономики. Объем этой отрасли в ряде развитых государств достигает 10 % от ВВП.

Поручаю Правительству проработать перспективы комплексного развития инфраструктуры поддержки этой стратегически важной сферы.

Одним из ее системообразующих элементов может стать Национальный образовательный хаб в области науки, культуры и современного творчества.

Эта своеобразная «Фабрика талантов» предоставит молодым одаренным людям со всех регионов страны шанс пройти специальные курсы и мастер-классы у лучших профессионалов в своей отрасли.

К данной деятельности в качестве наставников и менторов следует привлечь и выпускников различных международных программ, в том числе программы «Болашақ».

Нам важно также акцентировать внимание на вовлечение юных талантов в процессы развития страны. Каждый из них должен ощутить свою сопричастность к успехам Родины, почувствовать гордость за ее достижения.

Так, вдохновляющим примером гражданской ответственности стало участие многих молодых добровольцев и предпринимателей в таких социально значимых проектах, как «Туған Жер» и «Biz Birgemiz». Следует продолжить эту работу.

Нужно предоставить молодежи все возможности для активного проявления деятельного патриотизма. Необходимо создать благоприятные условия для инвестирования ею своих знаний, времени и энергии в созидание сильного независимого Казахстана.

Для этого важно также последовательно развивать в нашем обществе традиции меценатства и благотворительности.

Все большую популярность в мире набирает такая форма коллективного сотрудничества как краудфандинг. Это одна из самых перспективных форм гражданского участия в решении многих актуальных проблем общества.

Предлагаю рассмотреть возможность создания на базе технопарка Astana Hub единой краудфандинговой платформы. Она обеспечит эффективную координацию усилий молодых добровольцев и меценатов по позитивному преобразованию нашей страны.

Все эти меры будут содействовать формированию культуры взаимопомощи и прямого участия молодежи в продвижении своей страны на пути к прогрессу.

Уверен, поколение Независимости сделает наш Казахстан одним из самых конкурентоспособных государств в мире.

ТӨРТІНШІ. 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет.

Негізгі мақсатымыз – азаматтардың, әсіресе жастардың бойына отаншылдық сезімін орнықтыру.

Сондықтан, әрбір іс-шара мемлекетшілдік сананы нығайтуға арналуы керек.

Руханият саласындағы жұмыстың бірнеше бағыты бар.

Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды.

Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр.

Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы.

Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік.

Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды.

Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн.

Мысалы, биыл – Семей полигонының жабылғанына 30 жыл.

Ядролық сынаққа тыйым салу арқылы біз өз тағдырымызға өзіміз жауап бере алатынымызды көрсеттік.

Шын мәнінде, бұл – халықаралық қауымдастық үшін де айрықша маңызды оқиға.

Қазақстан әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды.

Жер жүзінің сеніміне ие болды.

Тағы бір маңызды мәселе. Қазақстанның академиялық үлгідегі тарихын жазуды жедел бастауымыз қажет.

Біз мемлекеттігіміздің тамыры тереңде жатқанын ел санасында берік орнықтыруға тиіспіз.

Мемлекеттік нышандарға құрмет – отаншылдықтың көрінісі.

Осы орайда, мен рәміздерімізді қолдану ережесін қайта қарауды тапсырдым.

Қасиетті көк байрағымызды үй сыртына және басқа да көрнекті жерлерге ілуге тыйым салуға болмайды.

Керісінше, азаматтардың мұндай әрекетін құптау керек.

Қазақ тілін меңгеру – біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам.

Сондықтан, тіл үйренуге талпынған азаматтарымызды бәріміз қолдайық.

Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін.

Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз.

Жақында латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды.

Латын қарпіне көшіп жатқанымыз да – Тәуелсіздіктің жемісі.

Туған жерді және оның табиғатын қадірлеу – туған елді қорғаудың белгісі.

Қоршаған ортаға қатысты өзекті мәселенің бірі – ауаның ластануы.

Әрине, өндірісті дамытқан жөн.

Алайда, біз экологиялық ахуалды естен шығармауымыз керек.

Үкімет осы мәселеге баса мән беруге тиіс.

Көрікті жерлеріміз де жыл өткен сайын жұтаңданып барады.

Сондықтан, «Таза табиғат» жобасын жүзеге асырған жөн.

Біз барлық жерді таза ұстауымыз қажет.

Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт.

Мысалы, мен Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өтуді ұсындым.

Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған.

Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық.

Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық.

Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет.

Бұл – ата салтымыз және ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы.

БЕСІНШІ. 30 жылдықтың мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу маңызды.

Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталады.

Ендеше, жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет.

Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлін ерекше атап өтуге тиіспіз.

Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт.

Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет.

Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ.

Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан ешқандай қайыр болмайды.

Құрметті әріптестер!

Біз барлық бағыттар бойынша негізгі мәселелерді нақтыладық.

Үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, осы ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізуді тапсырамын.

Сонымен бірге, мемлекетімізді нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетеміз.

«Қазақстан Республикасының 30 жылдығы» атты мерейтойлық медаль шығарылады.

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат!

Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау. Бәріміз белсенді жұмысқа кірісейік.