Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинмен кездесті, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы америкалық әріптесіне қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді түрде дәріптегені үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, мәдени дипломатия Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.
Смитсон орталығы жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттаумен қатар, қазақ халқының тарихы мен рухани өмірін зерттеуге арналған бірлескен ғылыми жобаларды іске асырады.
Айта кетейік, Смитсон институты – әлемдегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі. Оның құрамына 21 музей мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы, сондай-ақ кітапханалар мен ұлттық зообақ кіреді.
