Мемлекет басшысы Сингапурдың аға министрі – ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинді қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы қазіргі жағдайды және саяси, сауда-экономикалық салалар бойынша перспективалық жобаларды, сонымен қатар, цифрландыруға қатысты бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Екі ел арасында достық қарым-қатынас орнағанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Ереванда өткен ЖЕЭО саммитінде Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен келелі келіссөз жасағанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сингапур Президенті Халима Якобке өзінің сәлемін жеткізуді өтінді.
– Мен Сингапур Президентін бұрыннан танимын. Екеуміз де өз елдеріміздің Парламенттерінде спикер қызметін атқардық. Мен оның Мемлекет басшысы болғанына өте қуаныштымын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Тео Чи Хин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сингапур Президенті мен Премьер-министрінің ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайта беруге ниетті екенін атап айтты.