17 там, 2023 сағат 15:36

Тоқаев Сауд Арабиясының Ауыл шаруашылығы министрін қабылдады

Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының Ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман әл-Фадлиді қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Абдулрахман әл-Фадлиге ілтипат білдіре отырып, оның сапары екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагерімен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру маңызды екеніне тоқталды.

– Жиддаға сапарым барысында Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен кездестім. Кездесуде біз екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық пен қарым-қатынасты одан әрі нығайту туралы келісімге келдік. Біздің өзара уағдаластықтарымыз қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр және дәйекті түрде орындалып келеді, – деді Президент.


Өз кезегінде Абдулрахман әл-Фадли құрмет көрсетіп, қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ Тақ мұрагерінің Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін растады.

Министр өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Өзіңізге мәлім, азық-түлік қауіпсіздігі – бүкіл әлем үшін өзекті мәселе. Қазақстан бұл бағытта негізгі рөл атқарады деп санаймыз, – деді Абдулрахман әл-Фадли.


Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларындағы өзара байланыс перспективалары талқыланды.