04 қыр, 2019 сағат 11:24

Тоқаев: Рухани байланыстарды кеңейту - Азия халықтарының біртұтастығының кепілі

Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ұлы даламыз - сан алуан өркениеттер мен мәдениеттердің куәсі. Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біз бір кездері Ұлы Түркі қағанатынан мирас болған түркі тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалыптасқан ұлы мұралармен тығыз байланысты», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Азия ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, кейін тарих қатпарына сіңіп, қалыптасуына куә болған көне құрлық екендігін баса айтты.

«Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері - адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Шығыс мәдениеттері сан алуан сипаттарына қарамастан, өзара астасып жатыр. Азия халықтары өркениеттер қақтығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да осында. Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді. Шығыс мемлекеттері әлемдік алпауыттар қатарынан нық орын алды.

Жаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде. Мысалы, қазір Ұлы Жібек жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде», - деді Қ.Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы жер бетіндегі жазу-сызудың шығыстағы Мысыр мен Қытайда пайда болуы соның айқын дәлелі екендігіне назар аудартты.

«Түркі, Қытай, Үнді, Араб, Парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті. Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады», - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ ол Шығыстан шыққан қаламгерлердің күллі дүниені мойындатып отырғанын айтты.


«Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді. Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу - форумның тағы да бір маңызды міндеті деп санаймын. Шығыс даналарының дәстүр сабақтастығы сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жаһандану дәуірінде Азия сын-қатерлерге лайықты төтеп бере отырып, өзіне тән бірегей ерекшеліктерін сақтап келе жатқанын айтты.

«Батыс технологиясы Азия руханиятымен үндесіп, шығыстық жаңғыру үрдісін дүниеге әкелді. Қалаларда шығыс әлемінің болмыс-бітімін насихаттайтын креативтік класс пайда болды. Рухани байланыстарды кеңейту - жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі. Біз бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз», - деді Қ.Тоқаев.