Сочиде өтіп жатқан «Валдай» пікірталас клубына қатысуға келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президентін құрметпен қарсы алған Владимир Путин, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Валдай» пікірталас клубының жұмысына қатысуына Ресей тарапы үлкен мән беріп отырғанын айтты.
– Біздің шақыртуымызды қабыл алып, «Валдай» пікірталас клубының жұмысына қатысуға келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Бізді ұзақ жылдар дипломатиялық қызметте істеген Сіз секілді адамның пікірі қатты қызықтырады. Сіз бұл салада кәсіби мамансыз. Бүгінгі халықаралық аренадағы жағдайға, әсіресе, қауіпсіздік саласына байланысты Сіздің пікіріңіз біз үшін өте пайдалы әрі қызық, – деді Ресей Президенті.
Владимир Путин ЕАЭО аясындағы бірлескен жұмыстардың белсенділігін атап өтті. Ол ұйымды дамыту жөніндегі бірлесіп шешім қабылдауда өзара сенімнің жоғары деңгейге көтерілгенін айтты.
Ресей Президентінің айтуынша, екі ел арасындағы диалог та өте жемісті жүріп жатыр.
– Біздің күн тәртібіндегі кез-келген екі жақты мәселелерді талқылауға мүмкіндігіміз бар. Барлық сала бойынша табысты даму байқалады. Тауар айналымы да көңілге қонымды. Әртүрлі бағытта бірлескен жобаларымыз іске асуда, оның ішінде, дәстүрлі және жоғары технологиялар бойынша ынтымақтаса әрекет етудеміз. Біз үнемі заман ағымының тамырын дөп басып, әр саладағы әріптестерімізге министрлік деңгейінде қолдау көрсетіп келеміз. Бұл жұмыс жалғаса береді, – деді Владимир Путин.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Сочиге шақырғаны үшін алғыс айтты. Оның ойынша, «Валдай» пікірталас клубы өте қызықты әрі тартысты форум.
Қазақстан Президенті ресейлік әріптесіне Жеңістің 75 жылдық мерейтойына қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой күндері Мәскеуге баруға ниетті екенін жеткізді.
– Мен - майдангердің ұлымын. Жақында Иванов облысында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан 73 қазақстандық майдангердің қабірі табылды. Біз, қазақстандықтар, Ұлы жеңіс жолында жанын қиған жауынгерлердің ерлігін әрдайым есте сақтаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестіктің жоғары деңгейі мен дәрежесінің сақталғанын атап өтті.
– Өмір бір орнында тұрмайды, сол себепті біздің өзара іс-қимылдарымызды жаңа мазмұнмен толықтырып, күн тәртібіне шыққан мәселелерді дер кезінде шешіп отыру керек. Мен мұндай жұмысқа дайынмын. Біздің стратегиялық әріптестігіміз бен одақтастығымызды жаңа деңгейге көтереміз деген ойдамын, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграциялық процестер бойынша жоғары деңгейдегі түсіністік барын атады. Оның айтуынша, Ереванда өткен ЖЕЭК отырысындағыдай туындаған мәселелер бойынша уақытылы шешімдер қабылдануы қажет.