06 сәу, 2019 сағат 14:14

Тоқаев - Президент болуға лайық бірден-бір сенімді кандидат (сауалнама)

Арнайы жүргізілген сауалнамалар қорытындысына сенсек, Қазақстан халқы елорда атауының өзгеруі туралы шешімді оң қабылдаған. Сұралғандардың 42%-ы Елбасы есімінің мәңгілік тарих беттерінде қатталып, астанамызбен бірге жасай беруіне қарсы емес. Сондай-ақ, респонденттердің 40%-ы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Мемлекет басшысы қызметіне лайық бірден-бір сенімді кандидат ретінде қарастырып отыр. Бұл туралы zakon.kz сайты жазды.

Сауалнамаға Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалалар мен 14 облыс орталығынан 1813 адам қатысты. Сұрақтарға жауап бергендердің 75%-ы әйелдер қауымы болса, 25%-ы - ер азаматтар. Сұхбат 29-30 наурыз аралығында, яғни екі күн бойы телефон арқылы жүргізілген.

Қазақстандықтар (сұралғандардың 87%-ы) Елбасының Президент ретіндегі елеулі еңбегін лайықты бағалап, соңғы саяси оқиғаларға оң көзқарас танытқан. Оның өз еркімен орын босатқанын респонденттердің 44%-ы уақытылы және құрметке лайық көреген шешім деп есептейді.

Ақордадағы билік табыстау процесін, сондай-ақ Назарбаевтың басшылықтан кетуін отандастарымыздың 44 %-ы қолдаған. 23%-ы бұл жағдайдың болғанына әлі де сене алмай, түсініксіз күйге түсіп, болашақтан не күтерін білмейтін боп шықты. Ал, 16%-ы саяси транзитке бейтарап қарап, басқарушы билік де-факто Елбасының қолында қалды деп есептейді. Азаматтардың 12%-ы Нұрсұлтан Назарбаев соңына дейін өз орнында қалуы тиіс деп ойласа, 4%-ы әлдеқашан орнын босатуы керек еді деп біледі.

Жалпы алғанда, Назарбаевтың Президент ретіндегі еңбегін ересек тұлғалар, яки аға буын жоғары бағалап отыр. Сауалнамаға қатысқандардың арасында 60 жастан жоғары азаматтардың 90%-ы оның қызметі мен қайраткерлігін лайық бағаласа, 30-39 жас аралығындағы респонденттердің 82%-ы дәл осындай пейіл танытқан.

Қорытынды есептемеде, ел азаматтарының Назарбаевтың қандай еңбектерін аса жоғары бағалайтыны да көрсетілген. Нәтижесінде, олардың 50%-ы бейбіт өміріміз бен аспанымыздың ашықтығына шүкіршілік етіп, алғыстарын білдірген. Тиісінше, олар мемлекетіміздегі ұлтаралық татулықты сақтай білгенін - Тұңғыш Президенттің басты жетістігі деп санайды.

Сұралғандардың 40%-ы Елбасының тәуелсіз Қазақстанды аяққа тұрғызып, оны дамыған 50 елдің қатарына қосқанын - жоғары баға мен құрмет-қошеметке әбден лайық іс деп біледі.

Сондай-ақ жұртшылық Мемлекет басшысы ретінде қызметке кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевқа көзқарасын білдіріп, тиісті бағасын берген. Респонденттердің 40%-ы Қасым-Жомарт Кемелұлын Президент болуға лайық бірден-бір сенімді кандидат ретінде көрсе, 5%-ы ғана шүбәлі.

Бұдан бөлек, жауап бергендердің көп бөлігі Астана атауының Нұр-Сұлтан боп өзгеруін қолдаған. Олардың 42%-ы "Толықтай қолдаймын, Тұңғыш Президенттің есімі тарих парақтарында мәңгілікке бедерлеуіне тиіс" дейді. 35%-ы теріс пікір ұстанады. Оған себеп - "бұл іс мемлекеттік шығандардың көбеюіне әкеп соқтырады" деген ой. Ал, 24%-ы өзгерістерге аса мән бермей, селқос қарайтын боп шықты. 

Нақты деректерге сүйенсек, аймақтар арасында елорда атауының өзгеруіне қарсылық танытқандардың көбі - астана тұрғындары, яки бұл 28% қолдаушыдан бөлек, 48% - теріс пікірді ұстанатындар. Жаңа атауға көңілі толмайтындардың арасында Атырау халқы да көш бастап тұр: 48%-ға қарсы 28%. Ал, Алматы тұрғындарының 41%-ы қолдау білдіріп, 39%-ы Астана атауының өзгермегенін қалаған.

Еліміздің солтүстік және батыс өңірлері тұрғындарының едәуір бөлігі астанамызға қатысты жаңа бастаманы құптамаған. Керісінше, оңтүстік жұртшылығы Астананың Нұр-Сұлтан боп өзгеруін қолдаған.

Сауалнама қатысушыларының 43%-ы Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы кезеңдегі басты міндеттерінің бірі - Назарбаев ұсынып, бастапқы нәтижелері әлдеқашан көрініп үлгерген мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын оңтайландыру әм жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру. Ал, 20%-ы әлеуметтік жобалардың көбеюуі керек деп есептейді. Коррупцияға қарсы күрес - екінші орынға қойылған. Оны респонденттердің 24%-ы  қолдап отыр. Сондай-ақ, жауап бергендердің 12%-ы шағын және орта бизнесті қолға алып, нақты істермен айналысу керек деп санайды.

Ұлт порталы