29 нау, 2023 сағат 11:20

Тоқаев Премьер-министр кандидатурасын кім ұсынатынын айтты

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкаға кеткеннен кейін Премьер-министр лауазымына кандидатты кім ұсынатынын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мен Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл "күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасына сай келеді", - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Тоқаев Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс екенін ескертті.

"Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынамын. Сондай-ақ, өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады", - деді Президент VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында.