Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар үшін қол жетімді вакцинаны, соның ішінде, халықаралық деңгейде мойындалған екпенің көлемін ұлғайту қажет екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Былтыр мен тиісті тапсырма бердім. Бірақ компанияның Қазақстанға бөлген Pfizer вакцинасын жеткізу ісі тоқтап қалды. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, Pfizer компаниясы Қазақстанға биыл мамыр айында 2 миллион доза вакцина жеткізуді жоспарлаған. Үкімет екпе жеткізу ісінің тоқтап қалуын Pfizer қойған бірқатар талаптармен байланыстырады. Бірақ аталған шарттар – вакцина сатып алатын барлық ел үшін бірдей стандарт. Жуырда жаңа ұсыныс келіп түсті. Онда бүкіл іс-қимыл алгоритмі қамтылған. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қоюы керек дейді. Егер қажет болса, мұны істеуге дайынмын. Үкіметке, Президент Әкімшілігіне қалыптасқан ахуалды тексеріп, біздің нарық үшін қажетті осы екпенің жеткізілуіне кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қабылдауды тапсырамын. Түптеп келгенде, біз азаматтарымыздың өздері қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беруіміз қажет. Pfizer вакцинасына қол жетімділік мәселесін қысқа мерзім ішінде шешу керек», - деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
