Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентімен келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәжікстан Президентінің Астанаға сапары шағын құрамдағы келіссөздерден басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін бұл сапардың маңызы зор екенін атап өтті.
– Сіздің сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады, – деді Президент.
Өз кезегінде Эмомали Рахмон көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыртуыңызға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсеткеніңізге көп рақмет! Ең алдымен, бүгін Сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді, – деді Тәжікстан Президенті.
Одан кейін келіссөздер екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Тәжікстанмен арадағы достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізді.
– Бауырлас тәжік халқына қазақ жерінде айрықша құрметпен қарайды. Отандастарымыз қазіргі Тәжікстан туралы көбірек біліп, тәжік халқының бай мәдениетімен тереңірек танысқысы келеді. Осы орайда сіздің осындай ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру туралы бастамаңызды Қазақстан халқы мен еліміздің қонақтары ерекше ықыласпен қабыл алды. Бұл айтулы шара екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толған кезеңде өткізілуінің ерекше символдық мәні бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы барлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде су және энергетика кешеніндегі өзара іс-әрекеттің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Су және энергетика салаларындағы міндеттемелерді орындауға, атап айтқанда, Қазақстанға су және электр энергиясын жеткізуге байланысты шешімді уақтылы қабылдағаныңыз үшін Сізге және барша тәжік тарапына алғысымыз шексіз. Қазақстан өз тарапынан Сіздің алдыңғы сапарыңыз кезінде өзара келіскен барлық міндеттемені орындап жатыр, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның мамыр айында Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияның сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, биыл 6 айда тауар айналымы 500 миллион доллардан асқан. Бұл ретте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Тәжікстан Президенті де екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына жоғары баға берді
– Тәжікстанның мәдениет күндерін және көрмесін, сондай-ақ еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторы өнімдерінің жәрмеңкесін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұл шараларды Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың үздіксіз дамуының бір белгісі деп бағалаймыз. Бұл шаралар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толған кезеңде өтуінің өзіндік мәні бар. Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың өзара түсіністік, жоғары құрмет пен сенімге негізделгені қуантады. Байланыстарымызды одан әрі нығайту Тәжікстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығы болып қала береді, – деді Тәжікстан Президенті.
Әңгімелесу барысында сауда-экономика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-әрекетті одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.