10 жел, 2020 сағат 09:48

Тоқаев пен Назарбаев республикалық имамдар форумына қатысушыларды құттықтады

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай IV республикалық имамдар форумы өтіп жатыр. Осыған қарай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға құттықтау жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев IV республикалық имамдар форумының делегаттарына бейне үндеу жариялады. 

«Құрметті форумға қатысушылар! 

Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының отыз жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін айтулы оқиға. 

Діни басқарма Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға атсалысып келеді. 

Сондай-ақ, еліміздегі дәстүрлі исламды дамытуға зор үлес қосуда. 

Биылғы пандемия кезінде діни басқарма көптеген қайырымдылық шарасына ұйтқы болды. 

Жұртшылықты татулық пен сыйластыққа шақыру аса маңызды. Бұл міндетті біздің дін басшыларымыз абыроймен атқаруда. 

Әлемде діни алауыздық өршіген қазіргідей күрделі кезеңде дін қызметкерлерінің рөлі айрықша. 

Сондықтан, ел ішінде жүргізілетін ағартушылық жұмыстардың мазмұны және сапасы үнемі назарда болуы керек.

Мешіттерде әрдайым имандылыққа, адамгершілікке үндейтін уағыздар айтылғаны жөн. 

Сондай-ақ, білім мен ғылымға құштарлық, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін дәріптеуіміз керек. 

Азаматтарымыздың діни тұрғыдан сауатты болуына және жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне сіздердің қосар үлестеріңіз мол. 

Имамдар мен дін қызметшілері осы жауапты міндетті келешекте де ойдағыдай атқаратынына сенемін. 

Құрметті имамдар, форум делегаттары!

Сіздердің сауапты істеріңіз әрдайым еліміздің береке-бірлігін нығайтуға арналған. Мұндай игі жұмыс қашанда ерекше құрметке лайықты. 

Сондықтан, дін саласын дамытуға айрықша үлес қосқан бірқатар имамдар мен ғалымдарға бүгін мемлекеттік марапаттар табыс етіледі.

Баршаңызды құттықтаймын! 

Форум жұмысы жемісті болсын!», - делінген үндеуде.

Марапатталғандардың тізімі:

1. Бекайдар Әміре – Шымкент қаласының «Шейх Мұхаммед садық» мешітінің бас имамы;

2. Мырзабаев Кенжеәлі Қоңыратбайұлы – Алматы қаласының «Қалқаман» мешітінің бас имамы;

3. Аманқұлов Асылхан Өмірзақұлы – Алматы қаласының «Әл-Хамид» мешітінің бас имамы;

4. Сманов Әбдіжаппар Шәкірұлы – Түркістан облысының «Сарыағаш» медресе-колледжі директорының орынбасары;

5. Дәуренбеков Әбдімүтәлі Қайназарұлы – Ақтөбе қаласының «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры;

6. Құлмұхаммед Махамбет Пірманұлы – «Әбу Ханифа» медресе колледжінің директоры;

7. Рахымжан Сағынай Қабдулуахитұлы – «Ақниет» ақпараттық насихаттау және оңалту орталығы, теолог-кеңесші;

8. Тулешов Замир Қаратайұлы - «Ақниет» ақпараттық насихаттау және оңалту орталығы, бөлім бастығы.

Ал ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай өткізіліп отырған IV республикалық имамдар форумын ашып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Сіздерді және еліміздің барша мұсылман жамағатын дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай өткізіліп отырған республикалық имамдар форумының ашылуымен құттықтаймын!.

1990 жылы 12 қаңтарда бұрынғы Орталық Азиядағы бірлестіктен бөлініп, жеке шаңырақ көтерген басқарма осы мерзім ішінде елімізде діни сенім бостандығы нығайып, қоғамымызда ислам дінінің өркендеуі жолында ауқымды істер атқарды. Республикамыздағы өзге де дәстүрлі діндермен, конфессиялармен құрмет пен төзімділікке негізделген қарым-қатынас орнатып, еліміздің бейбіт жағдайында қарқынды дамуына сүбелі үлесін қоса білді. Осы жылдарда миллиондаған қазақстандықтар кешегі кеңестік заманда қол үзе бастаған ислам дініне қайтап оралып, имандылыққа бет бұрды. Елімізде мешіттер саны бұрын болмаған жағдайда өсті. Діни білім беретін жоғары және арнаулы оқу орындары ашылды. Басқарма халықаралық байланысты да нығайтты. Осының бәрі жалпы қауымның білім деңгейінің артуына, ислам дінін ұстанатын отандастарымыздың дамуына ықпал етті.

Қазіргі таңда әлемді жайлаған коронавирус індетімен ірі державалар арасында тікетірес туындап, ауыр экономикалық және саяси дағдарыстарды бастан кешіп жүрміз. Мұның өзі адамдардың жүйкесіне қосымша салмақ салмай, діни наным сенім жұмыстарын арттыра түсу керек. Осындай жағдайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлерінің жауапкершілігі арта түседі. Сіздер өз діндерініңізді үнемі жетілдіріп отыру арқылы қасиетті ислам дінінің қадір-қасиетін халыққа дұрыс түсіндіріп қалың жұртшылыққа үлгі болуыларыңыз керек деп ойлаймын. Бүгінгі форумда жұмыстарыңызға табыс тілеймін!»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.