Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың қазіргі жағдайын және оны нығайту перспективаларын өзара сенім, достық және тату көршілік рухында қарастырды.
Тараптар Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр желтоқсан айында Ташкентке жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Екі ел басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары туралы сөз болды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.