08 жел, 2023 сағат 14:56

Тоқаев Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара байланыстарды нығайтуға белсенді саяси диалог және екі мемлекеттің үкіметтері мен парламенттері деңгейіндегі ықпалдастық септігін тигізетінін айтты. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау – Ереван – Ақтау бағыты бойынша әуе рейстерінің іске қосылуын оң бағалады. Соның нәтижесінде бизнес-байланыстар мен туристік сапарлар айтарлықтай жандана түсті.

Тараптар перспективті бағыттардағы, соның ішінде көлік, логистика және сауда салаларындағы қарым-қатынастарды одан әрі арттыру мәселесін талқылады.