21 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белгілі ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбатының негізінде «Президент 2.0» деректі фильмі көрсетіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.
«Президент 2.0» деректі фильмі 21 шілде күні 22:00-де «31 арнадан» көрсетілмек.
«Әңгіме барысында Қазақстан Президенті өзінің өмірбаянына, дипломатиялық мансабына және жеке ұстанымдарына қатысты сұрақтарға ашық жауап береді. Фильмге XX-XXI ғғ. Қазақстан тарихының жетістіктері мен ақтаңдақ беттері, Қасым-Жомарт Кемелұлының өмірі және оның отбасына әсер еткен оқиғалар арқау болды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресей, Қытай және басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарына тоқталып, өзі кездескен көптеген көрнекті әлемдік саясаткерлер жөнінде ой-пікірімен бөліседі», деп жазады Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, көрермен фильмнен Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз атына айтылған мақтау сөздерге көзқарасы, дінге қатысты пікірі, оқитын кітаптары және олардың авторлары туралы білетін болады.
«Аталған фильм Президенттің шетелдік және отандық БАҚ-қа берген бірқатар сұхбатының жалғасы іспетті. Төрт айға жуық уақыт ішінде Мемлекет басшысының баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Кемелұлының «Егемен Қазақстан» және «Айқын» республикалық газеттеріне; ресейлік «Коммерсант», «Российская газета» басылымдарына; Өзбекстанның «УзА» ұлттық ақпараттық агенттігіне; «Россия» телеарнасына; америкалық White House Chronicle телехабарына; израильдік Israel Hayom басылымына; америкалық Wall Street Journal газетіне; Euronews телеарнасына; Bloomberg агенттігіне сұхбаттарын ұйымдастырды.
Бұдан бөлек, Президент сайлауалды науқан кезінде журналистермен жиі кездесті. Сондай-ақ, сайлау қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында көптеген маңызды сұрақтарға жауап берді», делінген жазбада.