28 қаң, 2022 сағат 16:40

Тоқаев Назарбаев туралы пікір білдірді


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын. Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді.

Біз бұған дейінгі жетістіктерімізден айырылып қалмауымыз керек. Мемлекетімізді нығайтып, кез-келген сынаққа дайын болуымыз қажет. Табысқа жету үшін, ең алдымен, ауызбіршілік керек екенін есте ұстайық", - деді Тоқаев.

Президент 90-жылдардың басында белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылар демографиялық ерекшелігі мен Қазақстан шекарасының реттелмеуіне байланысты біздің еліміз тез арада ыдырайды деп болжаған кезде Нұрсұлтан Назарбаев ең ауыр тарихи кезеңде мемлекеттік құрылыстың ең күрделі миссиясын өз мойнына алғанын айты.

«90-шы жылдардың ортасында еліміздің шекарасын заңды түрде рәсімдеу жұмысы басталды және ол  делимитациялау мен демаркациялау жұмысымен аяқталды. Бұл жетістік мемлекетіміздің қауіпсіз қызмет етуі үшін стратегиялық маңызға ие болды.

Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, оның геосаяси позициясын нығайтуда елорданы Сарыарқаның орталығына көшіру үлкен рөл ойнады. Бұл шешімді шетелде де, еліміздің ішінде де стратегиялық көрегенділік деп мойындайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, ол қазақстандықтарды объективті әрі шыншыл болуға, Тұңғыш президенттің тарихи еңбегін ұмытпауға шақырды.

"Өз өткенін қаралайтын халықтың болашағы жоқ. Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр. Америка президенттерінде де, Қытай басшыларында да, тіпті бүгінде бәрі мадақтайтын Сингапур лидері Ли Куан Юде де кемшілік болған", деді Президент.

Мемлекет басшысы Сингапурдың да, АҚШ-тың да, Қытайдың да халықтары мен билеуші топтары өз басшыларының қадір-қасиетін кемшіліктерден жоғары қойып, қос ұғымды ажырата білгенін айтты. Өйткені, жұмыс істемейтін адамның ғана қателеспейтіні бұрыннан белгілі.

«Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегіне құрмет көрсетейік, оның сөзсіз жетістіктері мен қадір-қасиеттерін бірінші орынға қояйық, ал болуы мүмкін жаңылыстарды еліміздің болашақ басшыларына ғибрат етіп қалдырайық», - деді Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезі өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 389 делегат онлайн-форматта қатысып отыр. Сондай-ақ, съезге бейнеконференцбайланысы режимінде ел басшылығы, Саяси кеңес мүшелері, аймақтық филиал өкілдері, депутаттар мен үкімет мүшелері қосылған.