22 нау, 2021 сағат 15:30

Тоқаев: Наурыз — төл жаңа жылымыздың бастауы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Барша қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тіршілікті түлетіп, табиғатқа жан бітіретін Наурыз — біздің төл жаңа жылымыздың бастауы, жаңғыру мен жаңа өмірге ұмтылудың нышаны. Ежелгі жыл қайыру дәстүрі – халқымыздың терең танымы мен тағылымды тарихының көрінісі. Босағамыздан аттаған Жаңа жыл баршаңызға ырыс-несібе әкелсін деп тілеймін! Әр шаңыраққа қыдыр қонып, құт дарысын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деп жазды Мемлекет басшысы Instagram парақшасында. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы Ұлыстың Ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуге болатынын айтқан еді. 

«Ел ұғымында қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны. Осы орайда, қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы Ұлыстың Ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуге болады», - деген болатын Мемлекет басшысы.