Мемлекет басшысы Берлин еуразиялық клубының 28-отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Берлин еуразиялық клубы өз маңыздылығын дәлелдегенін атап өтті.
«Аталған диалог алаңы Қазақстан мен Германия, Қазақстан мен Еуропа қатынастарының әлеуметтік-саяси және экономикалық мәселелерін кең ауқымда талқылауға зор мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің Еуропадағы алғашқы жобасы. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында мұндай институттың рөлі арта түседі деп санаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, соңғы үш жыл ішінде әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал елеулі өзгерістерге ұшырады. Санкциялар мен сауда-саттық шектеулер дәстүрлі дипломатиялық құралдарды жиі алмастыра бастады.
«Әлемдік экономика елдер мен өңірлердің дамуында диспропорция, технологиялық теңсіздік, қаржы жүйесіндегі әлсіздік сияқты «созылмалы дертке» тап болуда. Осындай күрделі жағдайда еліміздің сыртқы экономикалық және сауда саясаты ашық, прагмативті және қарапайым. Қазақстан әртүрлі бірлестіктермен, елдермен және компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін ашық болып қала береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарына тоқталып, Еуропа одағымен қарым-қатынастарға баса мән беретінін айтты.
«Біз Еуропада болып жатқан оқиғаларды мұқият қадағалап отырамыз, Еуропа көшбасшыларымен тұрақты түрде сындарлы диалог орнаттық. Қазақстан Еуропа одағының Орталық Азия өңіріне қатысты жаңа ұстанымдарына қолдау көрсете береді. Біздің Еуропамен ықпалдастығымыз, негізінен, Германиямен арадағы экономикалық, тарихи, мәдени байланыстар бойынша ерекшеленеді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы форум қатысушыларының назарын Қазақстанның қарқынды өсіп келе жатқан инвестициялық әлеуетіне аударды.
«Біздің көрші елдермен тығыз интеграциямыз іргелес нарықтарға шығуға қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде 500-ден астам адам бізбен шекаралас көрші елдерде тұрады. Еуразиялық экономикалық одақ аясында еңбек қозғалысы, қаржылық қызмет көрсету, капитал және сауда секілді төрт еркіндік бойынша басымдыққа ие болғымыз келеді. Орталық Азиядағы жақын көршілерімізбен тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. Сондықтан Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс компаниялары үшін қосымша нарыққа шығуға мүмкіндік ашылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Үкімет ауыл шаруашылығына, жаңа технологиялар мен цифрлық қызметтер көрсету салаларына неміс инвестициясын тарту ісіне қолдау көрсетуге әзір.
«Біз «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Германиядағы Фраунгофер институты осы стратегиялық бағдарламаны әзірлеуге қатысты. Өңіріміздегі барлық стартаптарға қолдау көрсету мақсатында Астана-хаб және ІТ-университет аштық. 3 жылдан кейін еліміздің ІТ саласында дарындылар пулы қалыптасады деп үміттенеміз. Жалпы, біз цифрландыру саласында үкіметтік құрылымдар деңгейінде де, жеке компаниялар деңгейінде де ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германияны Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін тағы да атап өтіп, еліміздегі неміс бизнесіне тиісті жағдай жасайтынын айтты.
«Біз сіздерге барынша жеңілдіктер жасауға дайынбыз. Соның ішінде арнайы экономикалық аймақтарда салықтан босату, инфрақұрылым ұсыну және басқа да жеңілдіктер бар. Мен «Қазақинвест» пен Қазақстанның тікелей инвестициялар қорына Германия инвесторларымен ынтымақтастық жасайтын арнайы офис ашу жөнінде тапсырма бердім», – деді Мемлекет басшысы.
Германия бизнесінің еліміздегі жобаларын іске асыруға «Бәйтерек» холдингі мен Қазақстан даму банкі қолдау көрсететін болады.
«Бұл еліміздің инвестициялық жүйесі үшін жаңа шара болып саналады. Біз бұған дейін ешқандай елге мұндай жағдай жасаған емеспіз. Осы бастама дұрыс ұйымдастырылған жағдайда Үкімет пен инвесторлар мұны тиімді жұмыс істейтін тетікке айналдырады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Берлиндегі АХІСА конгресс-орталығында өткен іс-шараға ГФР үкіметінің жоғары лауазымды қызметкерлері, сарапшылар, журналистер және неміс бизнесінің 250-ден астам өкілі қатысты.