14 қыр, 2023 сағат 20:45

Тоқаев: Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті

Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне қатыст, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде саммиттің, шын мәнінде, маңызды жиын болатынына, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың даму қарқынын айқындайтынына сенім білдірді.

– Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде кеңейіп келеді. Бизнес арасындағы байланыстар жанданып, бірлескен кәсіпорындар саны арта түсті. Ірі аймақтық жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертеді. Соңғы бес жылда өңірішілік тауар айналымы 80 пайыздан астам өсіп, 10,6 миллиард долларға жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президенттің айтуынша, Орталық Азия сауда, инвестиция, бизнес, ғылым және инновация салалары бойынша жаңа экономикалық мүмкіндіктер кеңістігіне айналады.

– Алдағы онжылдық өңіріміздің келешегін айқындайды. Осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланатынымыз, ол тек өзімізге байланысты. Бұл ретте біздің экономикалық мүмкіндіктеріміз бен әлеуетімізді барынша жұмылдыру – басым міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент, ең алдымен, Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттық ауқымын дәйекті түрде ұлғайту керек деп санайды.

– Елдеріміздің өзара тауар айналымын алдағы уақытта 15 миллиард долларға дейін жеткізу үшін мол мүмкіндік бар. Ол үшін кедергілерді жою, шамадан тыс протекционизмнен бас тарту және сауда-саттықтың ашық әрі тұрақты болуына жағдай жасау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысының пікірінше, аймақтағы елдер импортталатын өнімнің көптеген түрін өзара тиімді негізде алмастыра алады. Атап айтқанда, бұл жерде ауыл шаруашылығы, құрылыс, химия және тоқыма өнеркәсібі салаларындағы тауарлар туралы сөз болып отыр.

– Сауда номенклатурасын кеңейту есебінен экспортты ұлғайту – басым міндет. Қазақстан өңірдегі елдерге өз экспортын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ұлғайта алар еді, – деді Президент.

Оның айтуынша, елдеріміздің іскер топтары сауда айналымын кеңейтетін негізгі жетекші күш болуға тиіс.

– Кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынамыз. Мысалы, оны Central Asia Gateway порталы аясында іске асыруға болады, – деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлардың жекелеген түрлерін өндірудің тұйық циклін қалыптастырып, алдағы уақытта үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға бағытталған Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Бұдан бөлек, Президент аймақтағы елдердің көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру мәселелеріне тоқталды.  

– Қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше рөл атқарады. Орта мерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін. Біз цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы оның өткізу қабілетін жоспарлы түрде арттыруға ниеттіміз. Орталық Азия елдерінің осы дәлізді дамыту жөніндегі жобаларға қатысуға дайындығын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің көлік-логистика саласындағы негізгі жобалары туралы мәлімет берді.

– Әлемдік жетекші операторларды тарта отырып, Ақтау портының базасында контейнерлік хаб құруды жоспарлап отырмыз. Бізге бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңірішілік сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды. Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарға ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары, сондай-ақ «Жаңаөзен  – Түрікменстан шекарасы» автомобиль жолы туралы сөз болып отыр. Жалпы, Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы цифрлық шешімдердің Орталық Азияда қолданылу аясын жоспарлы түрде кеңейтуді басым бағыт ретінде атап өтті.

– Қазақстан цифрлық шешімдерді экономиканың барлық саласына белсенді енгізіп жатыр. Мысалы, еліміздегі қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесі 82 пайызға жетті. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Отандық IT саласының экспорт көлемі тек былтырдың өзінде бес есе өсті. Біз 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті бір миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Қазақстан аталған стратегиялық салада жақын көршілерімен арадағы жан-жақты байланыстарды нығайтуды көздейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың тез арада күшіне енуін қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды.


Сонымен қатар Президент өзара ықпалдастықтың бесжақты форматын одан әрі жетілдіру өзекті деп санайды.

– Қазақстан Тәжікстанның Ұлттық үйлестірушілер кеңесін құру жөніндегі бастамасын қолдайды. Мұны біз форматты институцияландыру жолындағы алғашқы қадам ретінде қарастырамыз. Келешекте біз Консультативтік кездесулердің хатшылығын құру, сондай-ақ арнаулы өкілдерімізді тағайындау мәселелерін талқылауға кірісе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысушыларды ортақ немесе барынша ұқсас ұстанымға келіп, әлемдік қоғамдастыққа ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсетуге шақырды.

– Әлемдегі тәртіп тез өзгеріп, біздің өңірдің тұрақтылығын бұзуға талпыныстар жасалып жатқан жағдайда елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңызы арта түсті, – деді  Президент.


Президент нақты алдын алу шараларын әзірлеу үшін қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, соның ішінде университеттер арасындағы байланыстарды дамыту мәселелеріне айрықша назар аударды.

– Былтыр Қырғызстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар Тәжікстанның жоғары оқу орындары базасында бірлескен факультеттер ашу ісі қарастырылып жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанда екі елдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу көзделіп отыр. Бұл маңызды саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге біздің Душанбедегі кездесуіміз аясында 2-ші Ректорлар форумы мен Орталық Азия елдері ғалымдарының 1-ші форумын өткізу өз септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы. 


Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері тарихшыларының тұңғыш форумын өткізу жөнінде бастама көтерді. Оның айтуынша, мұндай шара бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге және түрлі ғылыми еңбектердің жарық көруіне негіз болады.

– «Орталық Азия» туристік брендін бірге насихаттай отырып, елдеріміздің бірегей табиғатын және өзіне тән бай мәдениетін бүкіл әлемге таныстыруға керемет мүмкіндігіміз бар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, әріптестерін Қазақстанда өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне шақырды.

Сонымен қатар жиында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құрметті қонақ ретінде шақырылды.