Қазақстан бірінші кезекте өзінің ұлттық мүддесін қорғауға міндетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Шынында да, әлем өзгерді. Мызғымастай көрінген жаһандану үрдісі пандемияның әсерінен кідірістеп қалды. Мемлекеттер өзін-өзі оқшаулауға, «әркім өз күнін өзі көрсін» қағидатына баса мән бере бастады. Халықаралық қатынастарда ұлтшылдыққа бет бұру үрдісі артып келе жатқаны байқалады. Мен мұны 2008 жылы ертерек болжап айттым. Бірақ ол кезде менің тұжырымымды саясаткерлер мен ғалымдар қолдамады. Тіпті коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу ісі де халықаралық ынтымақтастықтан тыс, «әркім өзі үшін» қағидаты бойынша жүзеге асырылуда. Әлемде өзге баламасы жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің атына заты сай бірегей халықаралық ұйым ретінде пандемия кезінде аса белсенділік таныта қоймады», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті ірі державалар арасында текетірес күшейіп, аймақтардағы қақтығыстар шиеленісе түскендігін баса айтты.
«Бұл – өңірлік мемлекет ретіндегі Қазақстан үшін қолайсыз үрдіс. Біздің экономикамыз санкциялық соғыстар мен саяси текетірестерден шығынға ұшырауда. Еліміз өзінің бейбітсүйгіштігі мен өңірлік қауіпсіздікке сындарлы үлес қосуға әзірлігін тұрақты түрде көрсетіп келеді. Елбасымыз ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы әрі жаппай қарусыздану саясатының нағыз жақтаушысы ретінде бүкіл әлемге танылды. Тәуелсіздік жылдары бұл бағытты нығайту үшін көп жұмыс атқарылды. Ең бастысы – мемлекеттік шекарамыздың беріктігі! Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы шекарасының заңды түрде рәсімделіп, белгіленуінің, шын мәнінде, тарихи да, саяси да мәні зор. Шекара мәселесінде құжатты түрде екіжақты келісімнің болмауы қандай ауыр әрі ауқымды зардаптар мен қайшылықтарға әкелетінін көзіміз көріп отыр. Алыстан да, жақыннан да мысалдар аз емес», - деді ҚР Президенті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның халықаралық дипломатияда бейбіт әлем туралы әрдайым өзіндік түсінігі, өзіне тән ерекшелігі болғанын баса айтты.
«Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев көпвекторлы, теңгерімді сыртқы саясатта Ресеймен стратегиялық серіктестікті, ынтымақтастықты нығайтуға және өңірлік интеграцияға баса мән берді. Бұл – дұрыс таңдау болды. Дегенмен, әлемдегі ахуал бір орнында тұрмайды, алпауыт мемлекеттердің геосаяси мақсаты өзгеруде. Осындай жағдайда Қазақстан бірінші кезекте өзінің ұлттық мүддесін қорғауға міндетті. Сондықтан мен Еуразиялық экономикалық одақтың биылғы 19 мамырда өткен саммитінде интеграцияны Қазақстанның егемендігіне нұқсан келмейтін жағдайда ғана қолдайтынымызды ашық айттым», - деді ҚР Президенті.