Екіжақты шағын және кеңейтілген келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Журналистер алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан мен Беларусь арасындағы табысты әрі тиімді ынтымақтастықтың негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко қалағанын атап өтіп, Беларусь көшбасшысының бұл сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жалғасы саналатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың ТМД кеңістігіндегі ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі екеніне тоқталып, соңғы жарты жылдың ішінде онымен үшінші рет ресми кездесіп отырғанын және бұл екі тараптың да ынтымақтастықты өзара тереңдетуге және дамытуға деген ұмтылысын көрсететініне назар аударды.
Мемлекет басшысы тараптардың екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың бірқатар маңызды бағыттарына, ең алдымен, сауда-экономика саласына қатысты ортақ пікірге келгенін айтты.
– Былтыр өзара сауда көлемі шамамен 800 миллион доллар болды. Бұл – жақсы үрдіс, бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті тауар айналымын және жеткізілетін тауарлар санын ұлғайту үшін екі ел Үкіметтері арасында Арнайы ұзақмерзімді жоспарды әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады және Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев брифингке қатысушылардың назарын Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара өнеркәсіптік іс-қимылдарды күшейту туралы келісімге аударды.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда Беларусь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 8 бірлескен кәсіпорын ірі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы техникасын шығарумен айналысады, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттердің географиялық ерекшеліктеріне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өзара қарым-қатынастарында маңызды рөл атқаратын көлік-транзиттік іс-қимылдары жөнінде айтты.
– Егер Қазақстан Азияға ашылған қақпа болса, Беларусь - Еуропаға салынған көпір. Сондықтан елдеріміздің «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасының бір бөлігі болуы бекер емес. Оның жүзеге асырылуы сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен көлік-логистикалық компанияның жұмысын оң бағалады. Қазақстан мен Беларусь бұл кәсіпорынның акционерлері саналады. Президенттің айтуынша, компанияның соңғы үш жыл ішіндегі қызметінің нәтижесінде Қазақстан мен Беларусь арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша контейнерлік темір жол тасымалы шамамен 6,5 есеге артқан.
Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің, Минскідегі жоғары технологиялар паркінің табысты қызметін үлгі ете отырып, IT саласындағы өзара ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ қаржы саласына қатысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында ықпалдастық орнатуды ұсынды.
Қазақстан Президенті екі мемлекеттің өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға ниетті екенін мәлімдеді.
– Бұл үшін Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізудің перспективаларын қарастыру мәселесі ұсынылды. Бүгінде Қазақстан мен Беларусь мұндай тәжірибені өзге мемлекеттермен ықпалдастықта жүзеге асырып отырғандықтан, өңірлер деңгейінде де ынтымақтастығымыз табысты болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды деп санайтынын айтты.
Президент келіссөздер барысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өту мәселесі де көтерілгенін атап өтті.
– Сол сұрапыл жылдары барлық кеңес халқы сияқты қазақ-беларусь халықтары да неміс басқыншыларына тізе қосып қарсы шықты. Басқыншылар әскерінің алғашқы соққысын қабылдаған Беларусь ең ауыр шығынға ұшырады. Біз әкелеріміздің ерен ерлігін ұмытуға хақымыз жоқ. Қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етуге міндеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.
– Бүгінде Қазақстан мен Беларусьтің әлемдегі ахуалдың дамуына қатысты көзқарастары ортақ және оны бірдей бағалайды. Сондай-ақ екі ел БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және Еуразиялық экономикалық одақ сияқты түрлі халықаралық құрылымдар аясында конструктивті ынтымақтастық орнатқан. Беларусь елі Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде біздің көрсеткен қолдауымыз өзара тиімді іс-қимылдардың дәлелі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың сапары өзара сенім мен түсіністік рухында өткенін айтып, қол жеткізілген уағдаластықтар мен қабылданған шешімдер екі ел халықтарының игілігіне қызмет ететіне сенім білдірді.