04 сәу, 2025 сағат 11:02

Тоқаев Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесті

Фото: Ақорда

«Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен кездесті, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында экономиканың түрлі секторындағы, цифрландыру және инновация салаларындағы Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланды. Тараптар Қазақстан мен Еуропалық комиссия арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімге келу үдерісі басталғанын оң бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісім Қазақстан мен Еуропа Одағының ықпалдастығына негіз болып отырғанын жеткізді. Ол энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіп жобалары, көлік-логистика желілерін кеңейту, цифрлық инновация, озық технологиялар мен жасанды интеллект саласында қарым-қатынасты одан әрі тереңдету қажеттігін атап өтті.

Урсула фон дер Ляйен көлік-логистика саласындағы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізі секілді жобаларды іске асырудың маңызына тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанда сирек кездесетін металдардың ірі кен орнының табылуымен құттықтады.

Тараптар С5+ЕО аясындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.