Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.
Әңгіме барысында COVID-19 пандемиясын және оның салдарын жою аясында БҰҰ мен Қазақстанның қабылдаған нақты іс-шаралары талқыланды.
Қазақстан Президенті пандемияның ұлттық экономика мен денсаулық сақтау жүйесіне тигізген кері әсерін жеңілдетуге қатысты БҰҰ Бас хатшысының белсенді әрекеттеріне жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайдың жаһандық дағдарысқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген БҰҰ мен оның агенттіктерінің маңызды рөл атқаратынын айқындап бергенін атап өтті. Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға және экономиканы қайта қалпына келтіруге бағытталған БҰҰ бастамаларын толықтай қолдайды.
Антониу Гутерриш Қасым-Жомарт Тоқаевқа БҰҰ-ның бастамаларын қолдағаны және өңірлік деңгейдегі коронавирусқа қарсы күреске қосқан елеулі үлесі үшін ризашылығын білдірді. Бас хатшы азаматтардың денсаулығын сақтау, халықтың жағдайы төмен топтарына қаржылай көмек көрсету, бизнесті қолдау және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі жаңа экономикалық бағытты айқындау мақсатында Қазақстанның қабылдаған шараларын құптады. Сонымен қатар Антониу Гутерриш Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына төрағалық етуіне (2020-2021 ж.ж) оң баға беріп, Қасым-Жомарт Тоқаевты «COVID-19 тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландырудың жоғары деңгейдегі сегменті» атты форумға қатысуға шақырды.
Аталған шара 28 мамыр күні бейне конференция форматында өтеді. Оған бірқатар елдің басшылары мен көптеген институттардың жетекшілері қатысады. Коронавирус эпидемиясы жалғасқан жағдайда артта қалған және дамушы мемлекеттерге қолдау көрсету мәселесін талқылау жиынның басты тақырыбы болмақ.
Мемлекет басшысы алдағы онлайн форумға қатысуға келісім берді. Сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың тілектестік рухы мен бірлескен іс-қимылдары адамзаттың пандемияның кешенді қаупін еңсеріп, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Телефон арқылы сөйлесуге БҰҰ Бас хатшысы бастамашы болды.
***
Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына 32 мемлекет (Африканың 16, Азияның 10, оның ішінде Орталық Азияның 5 мемлекеті мен Ауғанстан, Еуропаның 4, Оңтүстік Американың 2 елі) кіреді. Қазақстан өзінің төрағалығы аясында «Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің 2014-2024 жылдарға арналған іс-қимылдарының Вена бағдарламасын» жүзеге асыруды мақсат етеді.