17 қаз, 2023 сағат 21:42

Тоқаев: Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасымен кездесті

Фото: Akorda.kz

Қазақстан Президенті Бейжіңге ресми сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті.

 – Екі ел арасында белсенді әрі сенімді саяси диалог орнаған. Үкіметтер мен парламенттер деңгейінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам бастық. Бүгін Төраға Си Цзиньпинмен және Мемлекеттік кеңестің Премьері Ли Цянмен жан-жақты келіссөздер жүргізу барысында өзара тиімді ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенімізді растадық. Қазіргі таңда Қытайды Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің және біздің экономикамыздың ірі инвесторларының бірі деуге болады. Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын алдағы уақытта 40 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымының жартысы Қазақстанға тиесілі, – деді Президент.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің сапары барысында Қытай тарапымен табысты келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі бекиді, өзара тиімді ынтымақтастық дамиды және екіжақты қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі деп сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чжао Лэцзи Қазақстан мен Қытайдың  парламентаралық қатынасының жоспарлы түрде нығаюын оң бағалады, сондай-ақ кең көлемдегі екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.