Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинды қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында балалардың денсаулығын сақтау мен әлеуметтік қорғау, сондай-ақ, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы күрес секілді өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Аружан Саин шала туған әрі ретинопатия ауруына шалдығу салдарынан зағиптыққа ұшыраған сәбилердің проблемасын көтерді. Республика бойынша орта есеппен 20 мыңға жуық бала шала туады. Оның ішінде 4 мың баланың салмағы жетілмей дүниеге келеді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, аталған мәселені шешу үшін өңірлердегі перинатальді орталықтар мен перзентханалар базасында тиімді офтальмологиялық жәрдем беру жұмысын ұйымдастыру қажет, сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен сапалы байланыс орнатып, диагностикалық құралдармен жабдықтап, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру керек.
Аружан Саин Қазақстанда ағзаның функционалдық мүмкіндіктері түзілетін халықаралық классификацияны жедел енгізудің маңызды екенін атап өтіп, оның БЦП-ға шалдыққан, есту, көру және басқада ауру белгілері бар балалардың проблемаларын жүйелі шешуге ықпал ететінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтары мен денсаулығын сақтау ісі аса маңызды екеніне тоқталып, бұл мәселені әрдайым өзі жіті бақылап отыратынын атап өтті.