08 ақп, 2022 сағат 14:02

Тоқаев: АШМ әзірлеген қаулы ауқымды жері барлардың иелігін сақтау талпынысына ұқсайды

көрнекі сурет

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бір адамның қанша жерге иелік ете алатынын нормативпен бекітуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жерді ұтымды пайдалану мәселесіндегі маңызды міндеттердің бірі – оның бір қолға шоғырлануына жол бермеу. Мен бұл туралы бұрын да айтқанмын. Бұл жерде мен өнімнің емес, жердің шоғырлануын айтып отырмын. Неғұрлым көбірек жер алып, бірақ инвестиция салмайтындар бар. Бірқатар өңірде мәслихат шешімімен үлес мөлшері ғылыми негізделген тәсілдерсіз бекітілген. Атырау облысында бір адамға - 89 мың гектар, Алматы облысында - 96 мың гектар, Шығыс Қазақстан облысында - 69 мың гектар жер бөлініп кеткен. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі бір қолда 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерін ұстауға рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл - қазір қолында ауқымды алқаптары бар адамдардың иелігін сақтап қалу әрекетіне ұқсайды. Яғни, осы үрдісті нормативтік база ретінде бекітуге талпыну», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, мемлекет бір адамның ауқымды жер учаскелеріне иелік етуіне қарсы емес. 

«Мұның жақсы жағы бар. Экономикалық айналымға жер көбірек түседі, ондай ауқымның тиімділігі де болады – бәсекеге қабілет артады. Оған қарымта қатаң міндеттемелер, жерді нақты пайдалану жауапкершілігі болуы керек. Сондықтан Үкіметке жер учаскелерінің шекті мөлшерін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құруды тапсырамын. Оны осы жылдың 1 мамырына дейін бекіту керек», - деді Президент.