Коронавирус індетінен қайтыс болғандарды жасырып қалу мүмкін емес. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінде ешкім ештеңені жасырайын деп отырған жоқ. Әсіресе, қайғылы жағдайға апаратын дүниенің бәрін жасыру мүмкін емес қой. Сондықтан оның бәрі қаралады, баға беріледі. Бұл - бір. Екіншіден, осы эпидемиологиялық ахуалға, коронавирусқа байланысты әр облыстың жағдайы күнде таңертеңгі 9-00-де штабта арнайы қаралады. Оның ішінде облыстағы жағдай, сол облыстағы аудан не болмаса ірі компаниядағы жағдай қаралуы мүмкін», - деді Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, бүгін мәселен, Атырау облысы арнайы қаралған. Өйткені бұл облыста бір тәулікте 371 адам коронавирус жұқтырған. Бұл Қазақстан өңірлері ішіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.
«Соған байланысты 5 аудандағы, оның ішінде ТШО сияқты компаниядағы жағдай терең талданып, елге жеткізіліп отыр. Сондықтан бір де бір жағдайды жасырып қалу мүмкін емес. Оның ешкімге қажеті де жоқ. Мемлекет ашық қарап, елге жеткізеді. Ол халық үшін, елдің болашағы үшін керек», - деді Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, брифинг барысында БАҚ өкілдері неліктен КВИ-ден қайтыс болғандар статистикасы бір аптадағы деректер бойынша жария етілетінін сұраған болатын.