19 ақп, 2020 сағат 12:28

Тоғжанов елордадағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар әлеуметтік нысанын аралап, жұмысымен танысып қайтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Вице-премьер лауазымына тағайындалғанына көп бола қоймаған Ералы Тоғжанов алдымен «Жанұя» отбасылық институтын қолдау орталығында болды. Орталық «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде құрылған. Мұнда «Open space» алаңы барлық қажетті қызметтерді біріктіреді. Орталықта «бір терезе» қағидаты бойынша 12 мемлекеттік орган мен мекемеден көрсетілетін 70 қызмет біріктірілген.

Ералы Тоғжановты «Жанұя» орталығының жұмысымен қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен таныстырды. Оның айтуынша, «Жанұя» ашылғалы бері 11 мыңнан астам азамат 24 403 мәселе бойынша хабарласқан. Оның ішінде 18 404 жүйелік кеңес беріліп, 5 999 мәселе бойынша оң шешім қабылданған. Атаулы отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Орталық азаматтарға жұмыс табуға, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға, денсаулық сақтау, білім беру, баспана, бизнесті бастау және мемлекеттік қолдауға кезең-кезеңімен және жүйелі кеңестер беруге мүмкіндік береді.

Орталықта қала аналарына арналған жеке бизнесті дамытуға арналған «Kasipker ana» орталығы жұмыс істеп тұр.

Осыдан кейін Ералы Тоғжанов қалалық №2 аурухана мен Орталық теміржол ауруханасының жұмысымен танысты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тәртібі іске қосылғалы емханалар жұмыс ретін тың жүйеге бейімдеп, тиісті жұмысты жүргізіп жатыр.

«Елордадағы мекемелерді аралап шықтық. Қалалық №2 ауруханада МӘМС жүйесінің енгізілуіне байланысты біршама жұмыстың атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Маған мәлім етілгендей қала тұрғындарының 92,5 пайызы медициналық сақтандырумен қамтылып отыр. Бұл – үлкен жетістік деп айтуға болады. 1 сәуірге дейін әлі уақыт бар. Сондықтан қалған азаматтарды қамту керек. Егер оған ілікпеген азаматтар болса, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында оларға тиісті көмек-қолдау көрсетілуі тиіс», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Ералы Тоғжанов сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық теміржол ауруханасының жұмысына да оң бағасын берді.

«МӘМС-ке енбей қалған азаматтарды міндетті түрде анықтау керек. Олардың саны белгілі. Ол тек медицина саласының азаматтарының міндеті ғана емес. ІІМ-мен бірге бұл жұмыс жүргізілуі тиіс. Нұр-Сұлтан қаласына басқа облыстардан көшіп келетін азаматтар көп. Келген азаматтарға керекті жағдайда көмектің бәрі көрсетіліп жатыр. Медицина саласындағы реформаның көмегімен дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруға мүмкіндік бар», - деді ол.