Мәжіліс депутаты Глеб Щегельский Мұхтар Тінікеевтің ауруханаға түсуіне желіде өзінің қатысуымен тарап жатқан видеоның әсерінен күйзеліске ұшырағаны себеп болғанын айтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
"Ол бүгін жоспар бойынша Германияға ұшып кетуі керек болған, оның жолдамасы мен билеті де болған. Алайда кеше жағдай басқаша болуына байланысты оны дереу тексеруге жатқызды", - деді Глеб Щегельский.
Депутаттың айтуынша, Тінікеев ҚР Президенті істері басқармасының Медициналық орталығының ауруханасында жатыр. Арнайы құрылғы мәжілісменнің жүрек соғысын бақылап отырады, 22 желтоқсанда дәрігерлер нақты бір диагноз қояды.
"Сонымен қатар, Қуаныш Сұлтанов этика комиссиясының осы мәселені (Тінікевтің) қарастырып жатқанын хабарлады", - деді Щегельский.
Еске салайық, 20 желтоқсанда WhatsApp-та Парламенттің төменгі палатасының депутаты Мұхтар Тінікеевке ұқсайтын адам көрсетілген бірнеше видео тараған болатын. Кадрлардан оқиғаның дастархан басында болғанын көруге болады. Екі ер адам тұрып алып, жанжалдасып жатады. Мәжілісмен Мұхтар Тінікеевке даусы да, өзі де ұқсайтын адам тағы екі ер адамның көзінше біреуден жауап алады. Депутатқа ұқсайтын ер адам әңгімелесушісіне былапыт сөз айтып, соққы жасайды.
ҚР Парламентінің төменгі палатасының депутаты Мұхтар Тінікеев пайда болған видеоға қатысты nv.kz тілшісіне пікір білдірген. Tengrinews.kz тілшісімен әлеуметтік желіде байланысқан ол видеоның екі жыл бұрынғы екенін ғана атап өтті.
Кейін мәжілісмен Мұхтар Тінікеевтің қатысуымен түсірілген видеоның шамамен қашан түсірілгені белгілі болды.