Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов қаладағы эпидемиологиялық ахуалға болжам жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, біздің стационарларда 87 науқас емделіп жатыр. Бұл – қосымша берілген 320 төсек-орынның 20% ғана. Яғни, қазір стационарларда үлкен жүктеме жоқ. Сонымен бірге, №10 қалалық емхана сияқты амбулаториялық мекемелерде ПТР оң нәтиже көрсеткен 60 науқас бар. Олардың барлығы біздің бақылауымызда, оқшауланған, олардың симптомсыз бөлігі тек С дәруменін алып жатыр. Ал ауру белгілері бар науқастар хаттамаларға сәйкес тиісті ем алуда. Олардың барлығы бақылауда. Біздің міндетіміз – науқастардың жағдайы нашарламауы үшін оларды амбулаториялық емдеуде үздіксіз бақылауды қамтамасыз ету», - деді басқарма басшысы №10 қалалық емханада өткен кездесуде.
Сонымен бірге, Т. Мұратов коронавирус инфекциясының екінші толқынына болжам жөнінде сұрақтарға жауап берді.
«Вирустан сақтансақ, онда оның таралу ауқымы төмендейді. Сондықтан бұл болжам өзіміздің маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтауымызға тікелей байланысты. Арадағы байланыс азайған сайын, екінші толқынның болу ықтималдығы да азаяды. Әрине, қандай күрделі болса да, біз екінші толқынға дайынбыз. Бәрі науқастар санына байланысты болмақ. Егер эпидемияға қарсы әлеуметтік шараларды толық сақтамасақ, науқастар саны көбеюі мүмкін. Денсаулық сақтау жүйесі өз ресурстарын белгілі бір шекке дейін жұмсай алатынын түсіну керек. Мысалы, төсек-орын қоры бойынша қалалық жүйе үш кезеңде 5,6 мың төсек-орын құра алады. Және 434 өкпені жасанды желдету аппараттарымен және басқа да ресурстармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ете алады. Бірақ оған адам ресурсы – медициналық қызметкерлер де қажет. Сондықтан қазір әр азаматтың міндеті – ауырып қалмау үшін бәрін жасау», - дейді дәрігер.
Дегенмен, дәрігер барлық ережелер сақталған жағдайда екінші толқын аса күрделі болмайтынын айтты.
«Егер барлық қажетті талаптарды орындасақ, екінші толқынның өте жеңіл нұсқасынан өтетін шығармыз. Яғни, ауру саны аз болады, науқастардың бәрі бақылауда емделеді және ешкім қаза болмайды», - деді Т. Мұратов.