Украина Парламентіндегі "Батькивщина" фракциясы жетекшісінің орынбасары, президенттікке кандидат Юлия Тимошенконың сайлау штабының өкілі Сергей Соболев Украина Орталық сайлау комиссиясын сайлаушылардың Тимошенкоға берген дауысын елдің қазіргі президенті әрі президенттікке кандидат Петр Порошенконың пайдасына бұрмалады деп айыптады.
Соболевтің сөзінше, Тимошенконың сайлау штабының есебінше, олардың кандидаты алғашқы турда қазіргі президенттен артық дауыс алған.
"Біз дауыс санауды қатар жүргіздік және ОСК дауыс санауды кешеуілдетіп отырғанда осы сәтке дейін мөрі "кеппеген" хаттамалардың 63,51 пайызын қорытып үлгердік. Біздің ол санағымыз бойынша, Владимир Зеленский 28,1 пайыз, Юлия Тимошенко – 16,1 пайыз, ал Петр Порошенко – 15,2 пайыз дауыс алған" деді Соболев.
Оның сөзінше, ОСК дауыс беруге қанша сайлаушы қатысқаны туралы мәліметті төрт сағат бойы жария етпей, дауыс беру қорытындысын жариялай бастаған. "Осыған байланысты біз дауысты билік кандидатының (Петр Порошкенконың) пайдасына бұрмалап жатыр деп күдіктенеміз" деп мәлімдеді Тимошенко штабының өкілі.
Юлия Тимошенко бұған дейін Украинадағы президент сайлауы туралы жарияланған, көбі ОСК мәліметтерімен ұқсас экзит-пол қорытындыларын "мүлде әділетсіз, бұрмаланған" деп мәлімдеді.
Петр Порошенконың сайлау штабының өкілдері өз кандидаттары екінші турда жеңіске жете алады деп санайды.
"Кандидаттардың барлығын Петр Порошенконың жеңісі туралы жаңалықты сабырмен қабылдауға шақырамыз. Екінші турға өте алмаған демократиялық күштердің кандидаттарын демократияшыл және еуропашыл кандидаттарды қолдауға шақырамыз" деді Порошенко штабының өкілі Максим Саврасов.
Ресейшіл кандидат Юрий Бойко бұған жауабында сайлаудың екінші турында Порошенконы да, Зеленскийді де қолдамайтынын мәлімдеді.
Халықаралық және украиналық бақылаушылар Украина президенті сайлауында бұрмалау немесе заң бұзу фактілері байқалмағаны туралы мәлімдеген.
31 наурызда Украина президенті сайлауы өтті. Ұлттық экзит-пол қорытындысы бойынша, сайлауға түскен 39 кандидаттың арасынан өзгелерден көп дауыс алған 41 жастағы шоумен Владимир Зеленский мен қазіргі президент 52 жастағы Петр Порошенко сайлаудың екінші турына өткен.
Украина ОСК президент сайлауына дауыс беруге ресми тіркелген сайлаушылардың 63,52% қатысқанын мәлімдеді. Дауыс санау әлі жалғасып жатыр.