26 ақп, 2019 сағат 17:24

Тілге немқұрайлы қарау – өзін-өзі сыйламайтын пенденің тірлігі

Ілгері жылдары ел Президентін сайлау науқаны болып өткені белгілі. Міне, сол айтулы оқиғада басты үміткерді жарнамалайтын ұранымыз «Біз Елбасыға дауыс береміз!» деген ұранмен берілді. Осы бір жай сөйлемде кешірілмес қате кетті. Оны осылай жазуды ұсынған адамның сауатсыздығына қынжыласың, ішің қан жылайды. Басқа басқа, ал енді күллі жұртқа жар салар ұранға қате жазуға бола ма? Тілімізде септеудің екі түрі - жай септеу және тәуелді септеудің бар екендігін мұны жазған адам білмеген немесе оны білуге басын ауыртпаған, өйткені өзін ешкім жазаламайтынына ол адамның еті үйреніп кеткен. «Елбасы» сөзі ІІІ жақта тәуелденіп тұр, ендеше оған барыс септігінің -на жалғауы жалғануы қажет еді де (тілде сондай ереже барын 5-сыныптың баласы да біледі), ұранымыз «Біз Елбасына дауыс береміз!» болып дұрыс берілген болар еді. Әлдебіреудің кесірінен бүкіл қазақстан халқы, барша тіл сүйер қауым өз тіліне өзі ие еместей күй кешкенін түсінуге болады. Мұндай жауапты ұрандарды жазбас бұрын құзырлы органдармен немесе тіл жанашырлары жиналған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарымен ақылдасқан жөн еді.

Біраз жылдан бері қалалық жолаушыларды муниципалды автопарктердің арнайы тапсырыспен жасалған көліктері тасымалдай бастады. Онда билет беру тәртібі «валидатор» атты электрондық аппарат арқылы жүзеге асады. Қолыңызға алған сол билетке қарасаңыз «Қалалық жол қатынасында жолаушылардың жол жүруіне арналған билет» деген ұзақ сонар тіркесті оқисыз. Мұны қысқа да нұсқа «жол билеті, тексеру билеті немесе жолаушының жол билеті, жол жүру билеті, жол билеті, жолаушы билеті» деген сөздердің бірімен жазған дұрыс болар еді. Тіпті қазақ тілін үйренем деушіге осының өзі де қарапайым бір үлгі болып есептелері сөзсіз. Ал әлгіндей шұбалаңқы тіркеспен жазылған түсініктемені басқа ұлт емес өз қазағымыздың да оқуға зауқы соқпасы кәміл. Аталған автобустың ішіндегі артқы жақ бүйіріне үңілсеңіз, запасной выход сөзін қазақша баттыйтып тұрып запастағы шығу есігінде деп аударғандарына куә боласыз. Не түсіндіңіз? Өз басым ештеңе түсіне алмадым. Бұл тіркесті қосымша шығу есігі немесе қосалқы шығу есігіқосалқы шығуқосалқы есік деп аудару қажет болатын. Бұл бір қараған адамға бадырайып көрінетін қателер. Ал енді кез келген көлік ішіне қыстырылған әкім жарлықтарында, ережелерде, көлік бағдарының сұлбасында, көше аттарында, түрлі нұсқаулықтарда қате дегеніңіз өріп жүреді. Тіпті аялдамаларды қазақша жариялағанда қателіктерге, немқұрайдылыққа жол беріледі. Бір мысал келтірейін. Жолыңыз түсіп, Құлжа күрежолына шыға қалсаңыз, хабарлаушының орыс тілінде: «Следующая остановка – ВИРГ» дегенін естисіз де, оның қазақша нұсқасының «Келесі аялдама – Кирк» деп «күңк» еткен шалажансар, түсініксіз қазақша нұсқасын естисіз. Сұрастырсам, көптеген жүргізушілер «ВИРГ» деген қысқарған сөздің қалай талданатынын білмей шықты. Білетін біреуі (өзге ұлт өкілі) «ВИРГ – Всесоюзный институт радиологий и гидрологий» деп талдап берді. Оны өзім де кеңес кезінде мекеме маңдайшасынан оқыған едім. Олай болса, қазақша нұсқасы «Бүкілодақтық радиология және гидрология институты (БРГИ)» болуы қажет сияқты. Қазір кеңес үкіметі келмеске кетті. Ендеше, ондай мекеме де жұмыс жасамайтыны белгілі.

Сөздерді қолдануда әдеби норма қаперге алынуы тиіс. Өкінішке орай, газет-журналдарда, радио-теледидарда, түрлі орындардағы жарнамаларда әдеби тілден тыс сөз қолданыстары беріліп жатады. Оны қадағалап, реттеп жатқан, сөз қолданыстарына жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Мысалы, теледидардан күн сайын «құлабатыр, келейатыр, оқыбатыр, барайатыр, ана йақ, мына йақ, айтатұғын, келетұғын, бартұғын, әйбәт, көрім» сынды жергілікті тілге тән қолданыстарды беру сәнге айналды. Журналистер жайы бар, жағдайы бар, қадірлі ағайын сынды сөздерді де әр сөйлем сайын қолдануға машықтанып алды. Бұл теледидар қарап отырған көреременді шаршатып жіберетіні анық.

Көшеде ілулі тұрған баннерде «Алматы менің сүйікті қалам» деп жазылыпты. Осындағы Алматысөзінен кейін сызықша қою керектігі ешкімнің қаперіне келмеген тірізді. Тағы бір мысал: «научный стиль моды» сөз тіркесі қазақша сәндік ғылыми стил деп аударылыпты. Бұл жерде анықталатын сөз стил сөзі де қалған екі сөз анықтайтын (анықтауыш) сөз. Ендеше, бұл тіркес сәннің ғылыми стилі болып аударылып берілгені жөн болар еді.

Кейде өз құндылықтарымызға өзіміз ие бола алмай қалып жатамыз. Етке қамыр, т.б. дәмдеуіштер қосып даярланатын «Бесбармақ» атты ұлттық тағамымызды қашанғы «Бешбармақ» деп атай береміз. Басқа ұлттар солай айтып жүр деп біз де тілімізді бұрап сөйлеуіміз керек пе? Жоқ, әлде, өзге ұлттарға жағыну үшін солай айтпақпыз ба? Тіпті кезінде «КТК» телеарнасынан «Бешбармақ шоу» деген бағдарлама да жүргізілді. Ежелгі қазақ тілінде с дыбысының орнына ш айтылғаны белгілі, бірақ қазір ш дыбысының орнына с дыбысы жүретіні тағы ақиқат. Бесбармақ сөзінің шығу төркіні «бес бармақпен жейтін ас» дегенді білдірсе керек-ті. Олай болса, «Бешбармақ» емес, көзді де, сөзді де «Бесбармаққа» түзейік. Әйтпесе киіз үйімізге еврей, қымызымызға неміс, көкпарымызға қырғыз ие болғысы келетініндей, бесбармақтан да айырылып қалу қаупі төніп тұр.

Соңғы кездері дүкен есіктеріне «Біз ашылдық» деген хабарландыру іліп қоятын болды. Орыс тіліндегі «Мы открылись» деген жарнама сол тілді тұтынушыға, сол тілдегі сөз қолдану ерекшелігіне тән құбылыс шығар, ал қазақ тіліне мұндай қолданыс жат нәрсе екені сөзсіз. Белгілі бір сауда орнының ашылғандығын хабарлайтын болсақ, қысқа да нұсқа «Дүкен ашылды» деп берсек, кейбіреулер түсінбей қалады деуден аулақпын. Немесе газет-журнал, радиодан хабарлайтын жағдайда, мысалы: «Вестел» дүкені алғашқы келушілерін қабылдады», «Вестел» дүкені тұтынушыларды қабылдай бастады», «Вестел» дүкені келушілерге қызмет көрсете бастады, «Вестел» дүкені сатып алушыларға (келушілерге, тұтынушыларға) есігін айқара ашты» түрдегі қазақы орамды сөйлемдермен беруге әбден болады емес пе.

Белгілі бір қажеттілікпен мемлекеттік органдардың (әкімдік, салық, кеден комитеті, сот, банк т.б.) табалдырығын аттасаңыз, сізге толтыруға мекеменің бланкін ұсынады. Үңіліп қарасаңыз, бланк мәтінінің қазақша бөлігін толтыруға ұяласыз, көре тұра қынжыласыз, өйткені онда мағыналық, дыбыстық қателер өріп жүреді. Бұл да бір мемлекеттік тілге деген немқұрайдылықты, ұқыпсыздықты білдіріп тұрады. Сонда бізге «сол мекемеде отырған қазақ тіліне жауап беретін қызметкерлер не бітіріп отыр» деген ой келеді. Белгілі бір құжатты өндіріске жібермес үшін оны бірнеше рет сүзгіден өткізіп алу әрбір қызметкердің қызметтік те азаматтық міндеті екені белгілі.

Өкінішке орай, қазіргі кезде жастардың әдеби тіл нормаларын сақтамай, жабайы, дөрекі сөз қолданыстарын, яғни қарапайым, жаргон сөздерді қолдану үрдісі сәнге айнала бастады. «Біреуді кемсіту, жеңу», «пайда түсіру» мағынасында сындыру, жырту етістігін қолданады. Сөйлеммен мысал келтірсек: Мен оны сындырдым. Мен одан мың теңге сындырып алдым. Біздің жігіттер қарсы команданы жыртты. т.б. «Жеңілді, үндемеді» тәрізді сөздердің орнына өшіп қалды, өшті деген етістіктер қолданылады. Мысалы: Ол менің дәлелді сөзімді естіген соң өшіп қалды. Ол біраз дауласқаннан кейін мүлдем өшті. «Ақыл-есі дұрыс емес» деудің орнына «қуып кеткен, қуғынбай, қуып жүр, ауып кеткен, ауыш, ауып жүр, крышасы кеткен, ауасың ба, қуасың ба», «танысы бар» тіркесінің орнына көкесі бар, крышасы бар тәрізді сөз, сөз тіркестері қолданылады. «Керемет, тамаша, жақсы, әдемі» сөздерінің орнына жынды, тема сөздерін қолданадыМысалы: Мен бүгін жынды-ы-ы кино көрдім. Оның машинасы те-е-е-ма екен. «Қиналма» сөзінің орнына терлеме, терлемеші деген сөздерді қолданады. Осы қатарда базар жоқ, какой базарқумашықолданыстарын да айтуға болады. Сөздерді қысқартып қолдану да байқалады. Мысалы, «қалың қалай» деудің орнына «қалайсың» деп қысқа қайырамыз. Бұл қолданысты тіпті басқа ұлт өкілдері де, әсіресе, байланыс саласында жиі қолданады. Көшедегі жарнамаға да «қалайсың» жазылады. Бұл – тіл бұзарлықтың нағыз айқын бір көрінісі. Қазақтілділердің өзі тілімізді шұбарлап жатқан кезде оны таза ұстауды, үйренуді басқалардан қалай талап ете алмақпыз?

Тілде жазылу (орфография) мен айтылу (орфоэпия) заңдылығы бар екені белгілі. Бірақ бұл заң үнемі сақтала бермейді. Мысалы, радиодан ән шырқап тұрған кейбір әншінің ән мәтінін сөздің айтылуы бойынша айтқанында, құлақ құрышың қанып, тыңдай бергің келеді. Ал ән мәтіндерін тек жазылуы бойынша айтып жүрген әншілер де баршылық. Ондай әншілер тыңдаушыны мезі қылары сөзсіз. Мысалы, «күлім көз, көгілдір көлдер, түнгі дала» тіркестерін айтылуы бойынша күлүм гөз, көгүлдүр гөлдер, түңгү дала түрінде айтса, құлаққа жағымды естілеріне күмән жоқ. Кейде сөздерді айтылуы бойынша айтамыз деп асыра сілтеп жіберетініміз де бар, яғни жазылуы бойынша айтылатын сөздерді тілді күрмеп жалған айтылуы бойынша айтатын кездер де болады. Белгілі әнші бауырымыз «Әселім» атты әннің «Тулайды жүрек толқындай шалқып» өлең жолын «Тулайды жүрек толғындай шалғып» деп айтып жүр. Бұл өлең жолының дұрыс айтылуы «Тұулайдұу жүрөк толқұундай шалқып» болар еді. Ал, керісінше, осы әннің «Тағдырға нала негерек айтып» деп айтылуға тиіс жолын әнші жігіт «Тағдырға нала не керек айтып» деп жазылуы бойынша айтады, яғни дыбыс үндестігін сақтамай шырқайды. Мұндай қателік көптеген әншілерге тән қасиет екенін айтқым келеді.

Болашақта қолданылатын латыннегізді әліпбимен сөздерді айтылуына жақындатып таңбаласақ дұрыс болар еді. Сонда мұндай олқылықтар болмайтын шығар. Бәрімізге белгілі тілімізде екінші, үшінші, тіпті төртінші-бесінші буындарға дейін ерін үндестігі сақталып айтылатын сөздер баршылық. Мысалы, түлкі, үкі, өнер, өмір, бөлім, көңіл тәрізді сөздер айтылуда екінші буында ерін үндестігі сақталып, тиісінше түлкү, үкү, өнөр, өмүр, бөлүм, көңүл, ал үшінші-төртінші буындарда түлкүлөрдүң, үкүлөрдү, өнөрлөрүмүздү, өмүрүмүздү, бөлүмдөрүмүздү, көңүлүмдү түрінде айтылады. Олай болса, бұл сарындас сөздерді жаңа қазақ ұлттық латыннегізді әліпбимен айтылуы бойынша túlкú, úкú, ónór,  ómúr, bólúm, кóńúl түрінде жазсақ. Латын әліпбиіне көшу үрдісі бізге зор тарихи мүмкіндік беріп отыр, соны дұрыс пайдалана алайық.

Туыстас қырғыз тілінде ерін үндестігі жақсы дамыған және жылдар ағымында сақталып отыр. Олар қосарлы дауысты дыбысты, сөздің барлық буынында ерін үндестігін сақтап айтады әрі оны сол қалпында жазады. Оған қарап, қырғыз тілі артта қалған, әуезсіз тіл деп ешкім айта алмайды. Керісінше, үндестік сақталса, сөз құлаққа жағымды, әсерлі де жылы тиеді. Қазақтың қырғыз ырларын сүйіп тыңдайтыны, тіпті әншілеріміз қырғыз әндерін шырқауға немесе әуенін алуға құмар келетіні – қырғыз сөздеріндегі дыбыстардың тамаша үндесімі болса керек. Осылайша, қырғыз жұрты тілінің сұлулығын, әуезділігін, үйлесімділігін,  ерекшелігін, оның тұмадай тұнығын лайламай, ұрпағына ғасырлай бойы аманат етіп отыр. Сөзім дәлелді болу үшін бір ғана сөйлеммен мысал келтірейін: Бишкек шаардык кеңештин токтомдорунун жүрүшү жөнүндө» 195-токтому. Ал бізде айтылуға жықындатып жазайық десек, «үнемдеу керек», «көзкөрімге оғаш көрінеді», «айту мен жазуға ыңғайсыздық тудырады», «жұрттан ұят», т.б. толып жатқан сылтауларды естіп жатамыз.

Бүгінде жаңа терминдер мен атаулар жасау ісі біртіндеп реттеліп, терминдер жайында салмақты ой, тұшымды пікірлер айтатын, көңілге қонымды, құлаққа естірге жағымды терминдер ұсынатын тіл жанашырлары көптеп саналады. Мысалы, белгілі терминші-ғалым Б. Қалиевтің анатомия, косметика, маятник, пленка, рецепт, факт, функция деп аталып, жазылып жүрген сөздерді қазақша тәнтану, риан, бигеш, жұқалтыр, дәрел, мәнбі, берне деп, ал артист, театр, спектакль, концерт, магистр, медаль, рельс, цемент деп орысша қолданылып жүрген сөздерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшелігі бойынша әртістыйатыр, іспектәкіл, кәнсерт, мәгістір, медәл, реліс, семент деп қазақша қолдануға әбден болады деген пікірін қолдауға болады. Терминжасау ісімен шұғылданып жүрген Қ.Юсуфтың ұсынған идентификация-тақылеттестік, мотив-мәтіп, толерантность-тағаттылық, амбиция-мардат, логика-пайым, акт-кесім, норматив-низам, нормативные-правовые акты-низамдық-хұқылық кесімдер, функция-уәзипа, ведомство-идара, флора-нәбетат, фауна-мақұлықат, режім-уәжіп, контракт-бекім, шартнама, тоқтам, категория-санат, патрулдік полиция-шолғыншы полиция, лоббизм-денеу, лоббирование-денеушілік, вызов-талқы сынды ұсынған сөздер мен сөз тіркестері көңілге қонады.

Енді терминжасам процесіндегі біраз келеңсіз жайттарды сөз етсек. Кезінде Терминком қазақшаға аударып бекіткен біраз сөздер қазірде орысша нұсқаларына қайта аударылып бекітілуде. Мысалы, сынып, қағидат, пайыз, үрдіс, музей, гимн, потенциал сөздерінің енді тиісіншеорысша нұсқаларыкласс, принцип, процент, тенденция, мұражай, әнұран, әлеует, тағы да біршама сөздердің орысша нұсқалары қолданылатын болады. Әдетте көзкөрімге, дыбыстауға ыңғайсыз, халық қабылдамаған сөздерді қайта өзгертуге болады. Ал бұл сөздер халық арасында сіңіп, кең қолданысқа ие болып, қалыптасып қалған еді. Бұл сөздерді өзгерту кімге қажет болды екен. Сонда бұған ғалымдар мен қалық жұртшылықтың бұған дейінгі еткен еңбегі еш кеткені, оны талқылап, көз майын таусып жасаған жұмыстары бала еңбегіндей былқылдақ болғаны ма?

Жалпы, біз осы кез келген нәрсеге «өзгертулер мен толықтырулар енгізумен тым әуестеніп кеткеніміз жоқ па» деген ой туады менде. Әрине, көп нәрсені өзгертуге болады, бірақ тілді еріккеннің ермегі етуге болмайды. Бұдан терминжасам жұмысы жанданбайды, керісінше кері кету процесі жүреді. Сөздің де киесі бар екендігін ескеруіміз қажет.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілге немқұрайлы қарау – өз елін, жерін, ұлтын, түптеп келгенде, өзін-өзі сыйламайтын пенденің тірлігі. Тілге құрмет көрсету қарапайым-ақ тәсілден, атап айтқанда: дұрыс сөйлеуден, қатесіз жазудан, балабақшадағы баладан бастап ана тілінде сөйлеуге машықтануға баулудан басталады. Әр мекемеде отырған тілге жауапты қызметкер қазақ тілін қызғыштай қоруға дағдылануы қажет. «Тілге құрмет – елге құрмет» демекші, тілді көркейте отырып, жұрт болып жұмылып, әлемдік өркениет көшінен қалмауға тырысу керек.

Нұрлан Шүленбаев,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері

Арнайы Ұлт порталы үшін