10 жел, 2016 сағат 13:00

Тіл – ұлт мәдениетінің алтын қазынасы

 «Болашаққа үндейтін кітап қана өміршең болмақ»

Оноре де Бальзак

Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапхана-бөлімшесінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әсипат Сауытбекқызы Әлметованың «Лингвомәдениеттану негіздері» атты жаңа кітабының тұсаукесері мен әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Тілді ұлт мәдениетімен, ұлттық құндылықтармен байланыстыра қарастырған, мәдениеттің тілдік таным мен оның оқыту объектісіне айнала алатынын дәлелдейтін лингвистикадағы жаңа антропоцентристік бағыттың бір бұтағы – лингвомәдениеттануға арналған жаңа оқу құралы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тарту ретінде жарық көрді.

Мәдени шараға тіл білімінің көрнекті тұлғалары, тілші-ғалымдар, профессорлар, елімізге белгілі ұлағатты ұстаздар: Нұргелді Уәли, Фаузия Оразбаева, Гүлдархан Смағұлова, Жанат Дәулетбекова, Розалинда Шаханова, Қалбике Есенова, Ботакөз Ақыш, Баян Исмагулова, Сәуле Баяндина, Жаңалық Балтабаева, Құралай Жанұзақова, Анар Фазылжанова қатысып, тіл мен мәдени құндылықтар байланысы туралы, жаңа оқу құралы туралы ой бөлісіп, кітап авторына деген жылы лебіз бен ақ тілеулерін білдірді. «Тіл – мәдениет – діл – ұлт руханиятының қайнар көздері» айдары аясында көрнекті ғалымдар мен ұстаздар тұсауы кесілген оқу құралы тіл мен мәдениеттің байланысын жан-жақты қарастырған, мәдениеттің халықтың зердесінде жиналып, ұрпақтан–ұрпаққа жетіп отырған рухани құндылықтар екендігін дәлелдейтін жаңа ғылым екенін атап өтті, лингвистика мен мәдениеттанудың шегінде пайда болған ғылым саласы лингвомәдениеттану туралы ой бөлісіп, аталмыш кітаптың құндылықтарына тоқталып өтті.

Кітапхана қызметкерлері Әсипат Сауытбекқызының өмір жолы мен шығармашылық қызметі жайында «Өнегелі өмір өрнектері» атты ақпараттық шолу жасап, слайд-презентация көрсетті. Оқу залында «Тіл – ұлт мәдениетінің алтын қазынасы» атты кітап жаймасы ұйымдастырылып, оған Әсипат Сауытбекқызының, тіл ғылымының көрнекті тұлғаларының еңбектері, тіл туралы әдеби-зерттеу еңбектер, әдеби шығармалар, мерзімді басылым ақпараттары қойылды. А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп пен П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің дарынды өнерпаздары Ясмин Жапарқұлова, Үсен Мариям, Ердәулет Тұрысбек, Асқар Назира, Әрсен Тұрсын ән мен күйден шашу шашты. Алматы полиграфиялық колледжінің студенті Еркін Жантас Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі» өлеңін зор тебіреніспен оқып берді.

Өмір – ұстаз, өнеге, үлкен тәжірибе мектебі екенін әр сәт сайын сезініп келеміз. Даналардан шыққан сөзге мән берсек, Өмір мен уақыт – адамға берілген шетсіз де шексіз мүмкіндіктер, әрі қызық та қимас ғажайып та ғаламат, сәулелі сәттер болып табылады. Міне, осындай Өмір мен Уақыттың қадір-қасиетін, бағасын өзінің өмірлік бағдаршамы еткен тұлғалардың бірі де бірегейі – Әсипат Сауытбекқызы Әлметова.

Әсипат Сауытбекқызы – еңбек мекенін ізденіс пен шығармашылық мекеніне айналдыра білген, туысына сыйлы, әріптесіне қымбатты, ұстанымы берік, білікті маман, ұлағатты ұстаз, тынымсыз еңбектің майталманы, үздік дәріскер, жаңашыл педагог.

«Лингвомәдениеттану негіздері» атты жаңа оқу құралын Әсипат Сауытбекқызының ұзақ жылғы оқытушылық еңбегі мен ғылыми ізденістерінің нәтижесі, оқыту ісі мен ғылыми ізденісті ұштастыруға ұмтылған белесті бір сәті деп танимыз. Бұған дейін де ғалым-ұстаздың бірнеше оқулығы, оқу-әдістемелік құралдары және бірнеше монографиялары жарық көрген болатын. Әсипат Сауытбекқызының жаңа оқулығын оқи отырып, өз түйгенін терең оймен, зерделі сөзбен, ғылыми дерек пен дәйектер негізінде байытылып, шешен тілмен жеткізген талғампаз да сырбаз, талдампаз білімі біліктілікпен ұштасқан, табиғатынан адалдықты сүйетін, еңбоққорлықты жоғары бағалайтын қалам ұстаған ғалым-қайраткерді көреміз.

 Кеш қонақтары, көрнекті ғалымдар өз сөздерінде: оқу құралы ұсынған әрбір теориялық материалдың ғылыми дәлелдермен түсіндірілуі қаншалықты мазмұнды болса, айтылған пікірлерді дәлелдеу үшін келтірілген мысалдар да соншалықты нақты беріліп, ұтымды шыққанын, оқу құралының соңында берілген лингвомәдениеттанулық құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған жаттығулар жүйесі, қосымшасында берілген тест тапсырмалары, көркем мәтінді талдау үлгілері, практикалық сабақтар мен оларға ұсынылған тапсырмалардың түрленуі де оның әдістемелік ұстанымдар мен талаптарға жауап бере алатынын атап өтті. 

Оқу құралы ғылыми мәліметке бай болуымен бірге әлемнің тілдік бейнесінің мәдени білімдер жүйесі түрінде әлемнің лингвомәдениеттанулық бейнесіне дейін тереңдей алатынын көрсеткен. Сондай-ақ, оқу құралы оқыту үрдісінде мәдениеттің тілдік таным мен оның оқыту объектісіне айналатынын ұқтыруды мұрат ете отырып, осы мақсатқа жеткен де. Қорыта келе, оқу құралын студенттердің, магистранттардың, жалпы кез келген тілші-ғалымдардың лигвомәдениеттанулық білімін жетілдіру мақсаты үшін маңызды еңбек деп бағалауға болады.

Әсипат Сауытбекқызы тіліміздің көркемдік құпиясы, бейнелілігі туралы былай деген еді: «Адам өз ойын тіл арқылы жеткізеді. Сондықтан тілде ойды жеткізу үшін қажет шығармашылық қабілет бар. Тіл мен мәдениет байланысты, сондықтан тіл ұлттық мәдениет жетістіктерін сақтап қана қоймай, көркем ойды кестелі сөзбен құрап беруші де».

Өзбек жазушысы Мұса Айбек: «Кітап – адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді, біз бір уыс күл топыраққа айналамыз, ал кітаптар дәл бір темір мен тастан қашалып жасалған ескерткіштердей ғасырлар бойына сақталады» - деген еді. Шынымен де, жапырағын жайған бәйтерек ағаш саясы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады, сол сияқты кітап та мәңгілік рухани асыл қазына. Оқырмандарына жол тартқан «Лингвомәдениеттану негіздері» атты оқу құралы жастарға білім мен тәрбие беріп, жол сілтейтін еңбектердің бірі болады деп сенеміз.

Хаметова Айгерім

№4 кітапхана қызметкері

Ұлт порталы