Фото: Жоғарғы сот
Жаңа Конституция жобасындағы 9-бапқа қатысты қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Осыған байланысты бір топ белсенді аталған бапқа өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеген. Сол бастамашылардың бірі – адвокат Мейірман Шекеев. Ult.kz тілшісіне берген сұхбатында заңгер 9-баптың қазіргі редакциясына қатысты уәждерін айтып, әзірленіп жатқан ұсыныстардың мәнін түсіндірді.
– 9-бапқа байланысты жұмыс істейтін арнайы топ құрып отыр екенсіздер. Бұл топ қандай жұмыстар атқармақ? Қандай мақсатта жұмыс істейді?
– Бұл топ халықтың сұрауы бойынша құрылды. Өйткені жаңадан жасалған жобада Конституцияның 9-бабының екінші тармағы, яғни бұрынғы 7-баптың екінші тармағы сол күйі көшіріліп, ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Дәл осы бап біздің тіліміздің дамуына 35 жыл бойы кедергі болып келе жатыр деп санаймыз.
Одан бөлек, мемлекеттік тілді меңгеруге бұл өзге ұлт өкілдеріне тежеу болып отыр. Себебі, біле білсеңіздер, Ресей Федерациясының президенті В. Путиннің өзі «орыс тілі официально» деп сөйледі. Одан қалса, біздің Президент те солай сөйледі. Заңгер ретінде мен өзім мұны түсіндіруден шаршадым. Бұл екеуі бір ұғым емес, себебі «официально» деген ұғым Конституцияның өзінде қарастырылмаған. Бірақ әркім өз пайдасына қарай осыны талқылап, орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ретінде қабылдап жүр.
– Ұсыныстарыңызда қандай мәселелер жазылған?
– Ұсынысымызды қазір халық арасында жинақтап жатырмыз. Алдын ала ұсынысымыз, әрине, бар. Айналып келгенде, топ «9-бап» деп аталады. Онда бірінші кезеңде 9-баптың бірінші және екінші тармақтарына өз ұсынысымызды бекітеміз. Бірінші ұсыныс, 9-баптың екінші тармағын мүлде алып тастау. Үшінші тармағына да өзгеріс енгізу, одан қалса, басқа баптарға да түзетулер енгізу қажет деп санаймыз. Біздің ойымызша, басқа баптарда адвокаттық қызметке, сондай-ақ Президентке берілетін өкілеттіктерге қатысты мүмкіндіктер өте көп. Қарама-қайшылықтар да аз емес.
– Сіздердің ұсыныстарыңыз ескерілмесе не істейсіздер?
– Біздің ұсынысымыз, әрине, ескерілуі керек. Себебі мұны билік халықтың талқылауына жіберді. Өздері сырттай қабылдап, бұл түпкілікті шешім деп айтқан жоқ. Әлі күнге дейін жобаның астында «ұсыныстарыңыз e-өтініш арқылы қабылданады» деп жазылып тұр. Егер халық көптеп ұсыныс беретін болса, біздің ұсынысымыз қабылданады деп ойлаймыз.
– Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білмесе, бұл Конституцияны бұзу деп санала ма?
– Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қолданыстағы редакцияда да, бұрынғы Конституцияда да мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білмесе, бұл Конституцияны бұзу деп саналмайды. Өйткені оларға нақты талап көрсетілмеген. Конституцияда ондай баптар жоқ. Конституция негізінен жалпылама бағыт береді, ал одан кейінгі заңдар соны толықтыруы керек. Мемлекеттік қызметкер туралы талап Конституцияда көрсетілмеген. Мысалы, егер мемлекеттік тіл жалғыз тіл деп көрсетілсе, жөні бөлек болар еді.
– Мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту адам құқықтарын шектеу деп айтуға бола ма?
– Жоқ. Себебі біз Конституцияның басында-ақ бұл қазақ елі, яғни қазақ ұлт құраушы мемлекет екенін көрсетеміз. Бұл – барлық мемлекеттегі қалыпты тәжірибе. Мемлекеттік тілді күшейту өзгелердің құқықтарын шектемейді. Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, өзге ұлт өкілдері этнос өкілдері болып саналады. Яғни олардың басқа жерде өз мемлекеті бар деген сөз. Ал қазақтардың мемлекеті – тек Қазақстан. Мысалы, Қазақстан азаматы Ресейге барып, олардың мемлекеттік тілін білмесе, ол заң Қазақстан азаматының құқығын шектейді деуге болмайды ғой. Дәл сол сияқты, әр мемлекеттің өз мемлекеттік тілі бар.
Бұл жерде біз өзге ұлттардың тілдеріне шектеу қойғалы отырған жоқпыз. Қажет болса, ол заң нормасымен қосылады немесе басқа заңдармен толықтырылады. Яғни ешкімнің құқығы шектелмейді. Әр ұлт өкілі өз ана тілінде сөйлеуге құқылы екені де көрсетілген.
– 9-бап декларативті норма болып қалды деген пікірмен келісесіз бе?
– Бұл 9-бап әлі нақты қабылданып біткен жоқ. Сондықтан оған қазір баға бере алмаймыз. Өздері де айтып отыр ғой, бұл – жоба. Жоба ретінде ұсынылды.
– Тіл мәселесі неге қоғамда біріктіруші емес, керісінше даулы тақырыпқа айналып отыр?
– Дұрыс айтасыз, егер билік соған жағдай жасап, тиісті заң қабылдаса тіл мәселесі біріктіруші бола алады. Заң жоқ жерде, қажеттілік жоқ жерде ешкім мемлекеттік тілде сөйлемейді. 35 жыл бойы солай болып келді. Мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жариялап, оған жапсарластырып орыс тілін қатар қойды. Кеңес үкіметі кезінде орыс тілінде білім алған азаматтар сол қалыпта қалды, тілін өзгертуге ниет етпеді. Сондықтан мемлекеттік тіл шын мәнінде өзге ұлт өкілдерін біріктіретін тіл болуы керек. Бұл барлық мемлекетте солай. Мысалы, Германияға барсаң сол елдің тілінде сөйлейсің, басқа елдерде де дәл солай. Заң нормасы қисық болғандықтан, халық бір тілдің төңірегінде біріге алмай отыр.
– Мемлекеттік тілге қатысты талаптар неге «қысым» ретінде қабылданады?
– Қоғамда, тіпті Президентіміздің өзі мемлекеттік тілден кейін орыс тілі «официально» деп айтқан соң, қазақ тілінде сөйлеу заң талабы емес деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті бұл талап қысым ретінде қабылданады. Шыны керек, кей азаматтардан мемлекеттік тілде сөйлеуді немесе қызмет көрсетуді талап еткенде, ашуға бой алдырып жатады. Сондықтан ол қысым ретінде қабылданып отыр. Бұл біздің тілдік заңнамаға кері әсерін тигізіп жатыр. Егер нақты түрде «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазып, оған орыс тілін жапсарластырмай көрсетсе, онда, әрине, соған бағынуға тура келеді.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота Мұсабекқызы
