01 қар, 2016 сағат 09:15

Тетігін тапқандар қоқыстан да қуат өндіреді

 

Бүгінгі таңда ел аумағындағы қоқыс полигондарында 100 миллион тоннадан астам қатты қалдықтар көміліпті. Оған жыл сайын 6 миллион тонна қосылып отыратынын ескерсек, көп ұзамай бұл көрсеткіш еселеніп өсіп кетері анық. Яғни, мамандардың қалдықтардан тау тұрғызуға болатынын айтып дабыл қағып жатқаны бекер емес сыңайлы.

Елордада жаңғырмалы энергия және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелеріне арналған алқалы жиын өтуде. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қарсаңында «Green Energy & Waste Recycling Forum-2016» деген атпен өтіп жатқан бизнес-форумды ұйымдастыруға «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы, Энергетика минис­тр­лігі және «Атамекен» Ұлттық кә­сіп­кер­лер палатасы мұрындық болыпты. Осы бизнес-форумда мамандар қоқыс­­ты өңдеуге қатысты Қазақстанда қол­д­а­нылып келе жатқан тәжірибені одан әрі жетілдірудің жолдарын қарас­тырды.

Энергетика министрлігі Қалдық­тарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков атап өткендей, елімізде жаңғырмалы энергияны дамыту, жаңа энергия көздеріне қол жеткізу, қал­дықтарды энергия өндіруге пайдалану бизнестің де дамуына ықпал ететін маң­ызды бағыттардың бірі болып табылады. Экологиялық жағынан тазалығын ескерсек, оның маңыздылығы да арта түсетіні түсінікті.

Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылдың екінші жартысында қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамаларға енгізілген өзгерістер күшіне енген болатын.  «Қазақстанның тұрақты дамуына көмектесу» орталығының директоры Вера Мұстафинаның айтуынша, бұл өзгерістен көпшілік бейхабар.

– Заңға енгізілген өзгерістерде кей­бір қалдық түрлері, атап айтқанда электронды құрылғылар, улы заттар сынды қылдықтарды қалай қолдану керектігі көрсетілген. Өкінішке қарай, ол туралы қарапайым азаматтар да, өндірістік кәсіпорындар да біле бермейді. Бүгінгі жиынға көптеген кәсіпорындардың өкілдері қатысып жатқанын ескеріп, заңда көрсетілген жаңа ережелер, талаптар туралы айтылуға тиіс, – дейді ол.

Екі күнге созылатын бизнес-форумда әлемде және ТМД елдерінде, Қазақстанда жаңғырмалы энергияның даму барысы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және кәдеге жарату жұмыстары, өндірістік қалдықтарды өңдеу және басқа да тақырыптар бойынша семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Сондай-ақ, қалдықтардан энергия өндіру бо­йынша түрлі жобалар таныстырылады.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»