23 мау, 2021 сағат 16:04

Терминдерді жүйелеуді барынша жылдамдату қажет – Әділбек Қаба


ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн режімде «Терминологиялық база: тәжірибе және технология» атты республикалық әдістемелік семинар өтті. Бұл жайында аталған комитеттің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінде өркениеттің қарқынды дамуы ақпараттық технологиялар негізінде терминдерді жүйелеуді барынша жылдамдатуға жетелейді. Аталған мәселені тиімді шешуде «termincom.kz» сайты қажетті платформа болып отыр. Ал барынша икемділікке қол жеткізу үшін терминологиялық база кез келген тілдік бағыт үшін іздеуді қамтамасыз етуі тиіс және терминдердің ақпараттық, лингвистикалық, техникалық сипаттамасын ашып көрсете алуы керек», - семинарды ашқан комитет төрағасы Әділбек Қаба.

Семинар барысында заман талаптарына сай ұлттық терминдер базасының құрылымы мен қызметі, оны әзірлеу жолдары, халықаралық тәжірибе талқыланды. 

Іс-шарада «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы «Терминдердің электронды мәлімет қорын жасау – терминқорды басқару мен оны тиімді пайдаланудың маңызды тетігі» тақырыбына тоқталса, бұдан кейін сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Сәбира Исақова терминологиялық база жасаудың халықаралық тәжірибелерін сараптады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Нұрлан Шүленбаев «Қазақ тілінің терминологиялық базасы: тәжірибесі, бағдары, әлеуеті» баяндамасында терминографиялық еңбектердің база жасаудағы маңыздылығына назар аударды.

Сондай-ақ аудармашы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айнұр Баекеева «Digital Library басқару жүйесі негізінде терминологиялық база құрастыру тәжірибесі», ал Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технология басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы «Электрондық терминологиялық қордың мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. 

Семинар тақырыбы бойынша сөз алғандар терминологиялық база жасау терминдерді біріздендірудің маңызды қадамы екендігін бірауыздан атап өтті. Іс-шара соңында семинар қатысушыларына қарар жобасы таныстырылып, спикерлерге алғысхат тапсырылды.