Президентіміздің жақында жарық көрген «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегімен танысқан соң, оның биік парасаты мен келешекті бүгіннен ойлап-болжай білетін ұлы қасиетіне тағы бір тәнті болдық. Ұлт көшбасшысы бұл туындысында ел мен жердің тағдыр-талайын, тіл мен дін жайын, ұрпақ тәрбиесін, басқа да көптеген мәселелерді адами толғаныспен, ордалы ойды шешен тілмен жеткізе баяндаған екен.
Тұғыры биік туындыны «Егемен Қазақстан» газетінен оқып, зиялы қауым арасында туған пікірімізді білдіруді жөн көріп отырмын. «Өз еліңе пайдалы болу, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу – әрбір отандық саясаткердің, әрбір қазақстандықтың борышы мен ар-ожданы», деп Елбасы осы еңбегінде орынды ескерткендей, әр азамат ел мен жер алдындағы парызын естен шығармауы керек.
«Ел болудың, мемлекет болудың жөн-жобасын көрсетіп берген, көмекке келген ешкім болған жоқ. Біз бәрін де тыңнан бастап, халқымызбен бірге қалыптастырдық. Жоқтан бар жасадық, барды берекеге айналдырдық, сол ырысты өсу мен өркендеудің негізі етіп алдық», деп жазады Президент. Шынында да, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Ғаламдық үрдіс ырық бермей, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тұста Қазақстан мен оның халқы кімге керек болып еді?! Тізерлеп қалған елдің орнынан қайта тұрып, нық басып кетуі оңайға соққан жоқ. Сол бір қиын-қыстау шақта халқына демеу болып, елін алға сүйреген Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлға қазақтың бағына туған деп сүйінеміз.
Жиырма бес жыл мерзім біздің мемлекетіміз үшін қалыптасу кезеңі болып қана қойған жоқ, бүгінгі күні еліміз өзгелерге үлгі болатын деңгейге жетті. Өркениет көшінің бел ортасынан орын алдық. Ел Тәуелсіздігімен тел өскен ұрпақ әлемнің маңдайалды елдеріндегі қатарластарымен үзеңгі қағыстыратын болды. Біздің бүгінгі оқушы, студент жастарымыз білім берудің әлемдегі озық бағдарламалары бойынша оқып, заманауи технологияларды еркін меңгеріп жүр. «Ендігі болашақ солардың қолында. Біз оларға осы бір тәуелсіз мемлекеттің келешек тағдырын сеніп тапсырамыз, – дейді Н.Назарбаев.
Ата Заңымызда көрсетілгендей, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Дін мен мемлекет бір-бірінің ісіне араласпайды. Алайда, егер дін мемлекет дамуына кері ықпал ететін болса, оған тосқауыл қойылуы тиіс. Өйтпеген күнде, елде түрлі бассыздықтар белең алуы әбден мүмкін. Елбасы еңбегінде бұл туралы да жан-жақты баяндалып, парасатты пайым жасалған екен.
«Мен үшін елімді дамыған мемлекеттердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ», дейді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Жүрегі елім деп, жерім деп соққан асқақ тұлғаның осынау жан тебіренісі кім-кімді де емірентері анық. «Ұлы Дала ұлағаттары» – санадағы талай сұраққа тұшымды жауап та беретін, тыңнан ой да туғызатын тамаша туынды.
Арстан ҒАЗАЛИЕВ,
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры,
академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Терең пайымды тебіреніс
Биыл менің «Ижевский» агрокешеніндегі директорлық өтілім 50 жылға толып отыр. Осы уақыт аралығында көп нәрсені көрдім, көңілге түйдім. Өмірдің өзі ұстаз болды, тәлімгерлер арасында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты айрықша құрметтеймін. Ел іші мен шетелдерге сапарлас та болдық, біздің шаруашылығымызға жиі ат басын бұрып тұрды. Терең пайымды, заңғар ойлы әңгімелеріне қанықпын, кітаптары үйімнің төрінде тұрады.
Елбасы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегін жариялап отыр. Еңбектің өнебойы тұнып тұрған тағылым, халық көшін алға бастар даңғыл жол деп түйдім. Баршамыздың бойымызға болашақтың жарқын сенімін қалыптастырады, оған жетудің жолдарын көрсетеді. Әсіресе, еңбектің Қазақстан астаналарының мән-маңызынан басталуы көп нәрсені аңғартады.
Астана – ұлттық мұраттардың ұясы. Нұрсұлтан Әбішұлының осы еңбегінде: «Елордамыздың іргетасын мықтап қалап алғанымыздың өзі біле білгенге, аса маңызды, мәңгілік мәні бар тарихи шешім болды», деуі осыдан. Бұл шын мәнінде Тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы геосаяси мәселелер тұрғысынан қарағанда данышпандық қадам екенін уақыт дәлелдеді. Қазақстанның үні шартарапқа жаңа болмысымызбен жетіп тұр. Астана төрінде халықаралық форумдар, саммиттер, симпозиумдар, құрылтайлар өткізілді. Елбасының сөзімен айтқанда, «Біз осынау ұлы басқосулардың арқасында ай астындағы абыройлы Алаш жұртының даңқын асқақтаттық. Өзімізді таныттық, мемлекеттік ғұмырнамамызды байыттық».
Қазақ халқының «Кішкентай үй үлкен отауға қарайды» деген дана мақалын мен де қайталағым келеді. Астарында орасан рухани қуат бар. Еліміз ордалы отау – Астанаға қарап бой түзеуде. Біздің «Ижевский» Астананың агломерациялық аймағында орналасқандықтан, жүктелер міндеттің жауапкершілігін жақсы түсінеміз. Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруды абыройлы мәртебе санаймыз.
Ибрагим ЖАНҒОРАЗОВ,
«Ижевский» ЖШС директоры, Социалистік Еңбек Ері,
«Достық» орденінің иегері
Ақмола облысы,
Аршалы ауданы
Басты байлығымыз – бірлік
Бас басылымда жарияланған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегін үлкен тебіреніс үстінде оқыдым. Өйткені, онда біздің мемлекеттігімізді қалыптастырушы ерек тұлғаның ел-жұрты туралы тұшымды толғаныстар тұнып тұр.
Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Мемлекет басшысы осы ширек ғасыр ішінде халқымыздың қандай қуанышты һәм қиындықты кезеңдерді артқа тастағанын түсінікті әрі тамаша баяндайды. Бұл шығарма бізге, қарапайым оқырманға, қабырғалы қалың елге Елбасының ойы мен саясатының жүлгесін таныта отырып, кейбір тарихи шешімдердің тереңіне үңілдіреді, астарына бойлатады.
Бұл шын мәнінде біздің елдігіміздің ширек ғасырлық кезеңіндегі жеткен жетістіктерінің адами тұрғыдан саралануы, халықтық тұрғыдан бағалануы, әлемдік тұрғыдан танылуы десек болады. Біз, қазақстандықтар, өткенге салауат айтып, келешекке аманат тапсыра білген тамыры терең елміз.
Әдеттегідей, бұл туындыда да Президентіміздің парасаты халықтың бірлігіне сызат түсірмеу жолындағы сарабдал саясатымен көрінді. Бұл майдан қыл суырғандай нәзік ұстаным барлық бағдарламаларды жүзеге асырудан да қиын. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы ғасырлар тоғысындағы тәуелсіздікті тұрақтылық пен келісім арқылы баянды етуге ұмтылған саясаткер. Бұл жолда ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс-бітімнің алатын орны зор. Елбасы – қазақтың қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан қасиеттерінің қажеттісін ел мүддесіне ұтымды пайдалана білген сұңғыла басшымыз. Айталық, алапат кесапаттар мен зобалаңдардан өткен халықтың төзімділігі қандай болса, бауырмалдығы да сондай. Осы кең қолтық қазақтың жақсылығын көрген ұлт пен ұлыстың өкілдері бүгінде бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Қазақ мұны «көрші ақысы – құдай ақысы», «бірлік болса, тірлік болады» деген мақал-мәтелдерімен әрдайым шегендеп отырады. Елбасы да көпшілік бірлігін бәрінен жоғары қоя білгендігімен ел көңілінен шығып келеді. Мәңгілік Елді тұғырлы етудің ақиқатты алғышарты – бірлік. Ұлы Дала ұлағаты – ұлт пен ұлыстың татулығы. Елбасы еңбегі осы ойды тарата білуімен тартымды.
Надежда ШУШАНИКОВА,
облыстық лингвистикалық орталығының
қазақ тілі пәнінің оқытушысы, филология магистрі
ӨСКЕМЕН