Елордадағы «Дәулет» спорт комбинатында теннистен өтіп жатқан қысқы ел чемпионатында жекелей сында финалистер анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, әсіресе, «Team Kazakhstan» академиясының түлегі, 16 жастағы Аружан Сағындықова бапкерлері мен жанкүйерлерін қуантты.
Ол жартылай финалда Ульяна Романованы 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктіріп, өз спорттық жолында алғаш рет Қазақстан біріншілігінің финалына шықты.
Аружан алтын жүлде үшін 2016 жылғы ел чемпионы Гөзал Айнитдиновамен таласады. Ол Жанел Рүстемованы 6:0, 7:5 есебімен ұтты.
Ерлер арасында финалда Достанбек Ташболатов пен Григорий Ломакин кездеседі. Достанбек жартылай финалда 15 жасар Ерасыл Ерділданы 6:0, 6:2 есебімен оңай жеңді. Ал Г.Ломакин тағы бір жас теннисші Ислам Орынбасарды 6:2, 6:2 есебімен жолдан тайдырды.
Жұптық сында А.Сағындықова мен София Чурсина жеңімпаз атанды. Олар Карина Ризванова мен Мария Синицынаны 6:7, 7:6 (9:7), 10:7 есебімен ұтты.
Ерлер арасында Д.Ташболатов пен Г.Ломакин Алексей Кедрюк пен Родион Пакты 6:3, 6:3 есебімен жеңіп, жұптық сында үздік шықты.