14 қыр, 2019 сағат 00:00

Теннисші Елена Рыбакина Наньчан турнирінің жартылай финалына шықты

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Қытайдағы Наньчан WTA турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлемнің 69-ракеткасы Е.Рыбакина ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 76-орында тұрған швейцариялық Виктория Голубичпен шеберлік байқасты.

В.Голубич биыл «Үлкен дулыға» турнирінің бірі – Уимблдон жарысының алғашқы айналымында Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцеваның жолын кесіп кеткен болатын.

Е.Рыбакина 20-да болса, қарсыласы 1992 жылғы, тәжірибесі молдау еді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші өз шеберлігін көрсете білді – 6:4.

Екінші сетте швейцариялық спортшы 2:1 есебімен алға шыққанымен, Рыбакина қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қарсыластар брейкпен алмасты – 3:3. Голубич брейкпен тағы алға кетті – 4:3. Ақыры ол сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда теннисшілер бірден қос брейкпен алмасқаннан кейін Голубич өз геймін алып, алға шықты – 3:2. Тағы бір брейк – 4:2. Рыбакина брейк жасағанымен, өзі доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады – 3:5. Дегенмен қарсыласы матчқа доп бергенде, тағы бір брейк жасады – 4:5. Сосын әйтеуір өз геймін алып, брейкпен алға шықты – 6:5. Ақыры матчқа доп бергенде, екі мәрте тор да көмектесіп, сәттілік жолдас болды – 7:5.

Тартысты бәсеке 2 сағат 23 минутқа созылды.

Е.Рыбакина жартылай финалда рейтингте 132-орындағы қытайлық Пэн Шуаймен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Наньчан турнирінің ширек финалына шыққанын, ал Ю.Путинцеваның әлемнің 3-ракеткасы Э.Свитолинадан ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.