07 қаң, 2021 сағат 11:28

Теннисші Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби WTA 500 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жылдың беташар жарысының 6-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина алғашқы айналымда рейтингте 394-орында тұрған италиялық Лукреция Стефанинимен шеберлік байқасты. 

Қазақстандық теннисші 21-де болса, одан бір жасқа үлкендігі бар Л.Стефанини негізгі додаға іріктеу сайысының жеңімпазы ретінде қосылған еді.

Бірінші партияда қазақстандық спортшы 5:0 есебімен алға кетті. Қарсыласы бір гейм алғанымен, Елена сетті қиналмай бітірді – 6:1.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасай алды. Дегенмен қарсыласы қарап қалмай, таразы басын теңестірді – 3:3. Бұдан кейін Елена брейкпен есепті 5:3-ке жеткізді. Содан соң матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Бәсеке тура бір сағатқа созылды.

Е.Рыбакина екінші айналымда Нидерланды елінің өкілі Аранча Рус немесе қытайлық Сиюй Ванның біреуімен кортқа шығады.