азақстандық, әлемнің 83-ракеткасы Зарина Дияс Мельбурнда WTA Phillip Island Trophy турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 96-орында тұрған румыниялық Ана Богданмен кездесті.
Бірінші партияда есеп 5:3 болған мезетте сетке доп берген Дияс сол мүмкіндігін мүлт жіберді. Дегенмен сетті тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:4.
Екінші сетте А.Богдан 3:1 есебімен алға кеткенімен, Зарина ұзатпай-ақ таразы басын теңестірді – 3:3. Әйтсе де румыниялық теннисші қайта брейк жасады – 5:3.
З.Дияс та берілмей бақты – 5:5. Бірақ А.Богдан дегеніне жетті – 7:5.
Матч барысында оң аяғын ауырсынған қазақстандық спортшы медициналық көмекке де жүгінді.
Үшінші, шешуші партияда есеп 3:2 болған мезетте Зарина брейк жасай алды – 4:2. Сосын қиындау өрілген матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.
Тартысты бәсеке 2 сағат 19 минутқа созылды.
Зарина Дияс ширек финалға шығу үшін әлемнің 9-ыншы, осы доданың 2-ракеткасы, 2019 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы, канадалық Бьянка Андрееску немесе рейтингте 85-сатыдағы америкалық Мэдисон Бренглдің біреуімен таласады.
Мельбурн додасы 19 ақпанда мәреге жетеді.