08 ақп, 2021 сағат 06:25

Теннис: Зарина Дияс Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады

Қазақстандық Зарина Дияс Мельбурнда Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзілік рейтингте 81-орында тұрған З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 88-ракеткасы, словениялық Тамара Зиданшекпен кездесті.

Бұдан бұрын қарсыластар өзара бір мәрте шеберлік байқасып, онда қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы да З.Дияс ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ. Сөйтіп ол 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды.

З.Дияс екінші айналымда рейтингте 63-сатыдағы америкалық Бернарда Перамен күш сынасады. Ол кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, әлемнің 25-ракеткасы, германиялық Анжелика Керберді 6:0, 6:4 есебімен ұтты.

Тағы бір қазақстандық, Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова әлемнің 76-ракеткасы, италиялық Камила Джорджиге 3:6, 3:6 есебімен есе жіберді. 

Бұл ойын 1 сағат 15 минутқа созылды. Я.Шведова К.Джорджиден бұдан бұрын да бір рет жеңілген болатын. 

К.Джорджи екінші айналымда «Ролан Гаррос» турнирінің өткен жылғы жеңімпазы, Польша өкілі Ига Швентекпен кортқа шығады. Ол нидерландылық Аранча Русты 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Бұдан бір жыл бұрын Қазақстан тарихында алғаш рет үш бірдей теннисшіміз Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына өткен болатын.