14 қыр, 2020 сағат 08:48

Теннис: Юлия Путинцева рейтингте үздік отыздыққа ілікті

Қазақстандық Юлия Путинцева әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингісінде үздік отыздыққа кірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биылғы US Open турнирінің ширек финалына дейін жеткен Ю.Путинцева 35-тен 30-орынға көтерілді.

Қазақстандық теннисші өзінің үздік көрсеткішіне (27) үш-ақ саты жетпей тұр.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 17-ден 18-ге, ал Зарина Дияс 69-дан 72-сатыға сырғыды.

Дүниежүзілік рейтингте бұрынғыша аустралиялық Эшли Барти көш бастаса, румыниялық Симона Халеп екінші орында келеді. US Open турнирінің чемпионы, жапониялық Наоми Осака үздік үштікті түйіндеп тұр.

Жұптық сында Галина Воскобоева 62-ден 67-ге, Анна Данилина 126-дан 127-ге, Ю.Путинцева 172-ден 177-ге төмендеді. 

Е.Рыбакина мен Ю.Путинцева бүгін басталатын Рим турнирінде сәтті өнер көрсетсе, рейтингідегі орнын жақсарта алады. Е.Рыбакина алғашқы бәсекесінде әлемнің 31-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александровамен, Ю.Путинцева рейтингте 49-сатыдағы швециялық Ребекка Петерсонмен кортқа шығады.