10 мау, 2021 сағат 20:43

Теннис: Недовесов жұптық сында Братислава турнирінің жартылай финалына шықты


Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Братислава (Словакия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге ширек финалда швейцариялық Лука Маргароли - үндістандық Шрирамбала Нараянасвамимен шеберлік байқасты. 

Бірінш партияда швейцариялық-үндістандық жұп 6:2 есебімен басым түсті.

Екінші сетте А.Недовесов пен Д.Молчанов есе қайырды - 7:5. 

Қазақстандық-украиналық жұп супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 10:8.

Тартысты бәсеке 1 сағат 44 минутқа созылды.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко мысырлық Мохамед Савфатпен бірге жұптық сында Алматы челленджер турнирінің жартылай финалына өте алмай қалды. Олар чилилік Томас Барриос - италиялық Риккардо Бонадиоға есе жіберді.