24 қыр, 2020 сағат 14:20

Теннис: Елена Рыбакина Страсбург турнирінің жартылай финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Страсбург (Франция) WTA турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингте 40-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен кездесті.

Бірінші партияда Е.Рыбакина 5:2 есебімен алға кетті. Сол басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:3. 

Екінші сетте де қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 2:1. Тағы бір брейк – 4:1. Бұдан кейін қытайлық спортшы брейк жасап, есепті қысқарта алды – 2:4. Дегенмен іле-шала қайыра брейк жасаған Елена есепті 5:2-ге жеткізді. Ақыры ол матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жібермеді – 6:2.

Бәсеке тура бір сағатқа созылды.

Е.Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 84-ракеткасы, жапониялық Нао Хибиномен таласады. 

Н.Хибино ширек финалда Ролан Гаррос турнирінің 2017 жылғы жеңімпазы, қазір әлемнің 43-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенконы 7:6 (7:2), 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді. Оның алдында жапониялық спортшы Зарина Диясты да ұтып кеткен болатын. Енді Е. Рыбакина соның есесін қайтара ала ма, оны алдағы ойын көрсетеді.