Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Страсбург WTA турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасты.
Қазақстандық теннисші 21-де болса, тәжірибелі қарсыласы 30-да еді. А.Корне биылғы US Open турнирінде сәтті өнер көрсетіп, төртінші айналымына дейін жеткен болатын.
Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасап, сол басымдылығын сақтай алды – 6:3.
Екінші сетте қазақстандық спортшы бірден брейкпен алға шықты – 1:0. Дегенмен есеп 5:4 болып, Елена матчқа доп бергенде, бірнеше мүмкіндігін пайдалана алмай, есесіне қарсыласы брейк жасап кетті – 5:5. Тай-брейкте алдымен А.Корне алға кеткенімен, қазақстандық спортшы ақыры кезекті матчболын құр жіберген жоқ – 7:6 (10:8).
Кездесу барысында корт иесін көрермендер де жігерлендіріп отырды. Соған қарамастан, Елена шеберлігі басым екенін мойындата білді.
Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 49 минутқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 225,5 мың еуроға бағаланған жарыстың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 40-ракеткасы, қытайлық Чжан Шуай немесе рейтингте 415-сатыдағы корт иесі Клара Бюрельдің біреуімен таласады.
Биыл Цинциннати додасында Ч.Шуайды тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева ұтқан болатын.