29 қыр, 2020 сағат 16:15

Теннис: Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін сәтті бастады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Парижде өтіп жатқан Франция ашық чемпионатының 14-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина бастапқы кездесуін рейтингте 83-орында тұрған румыниялық Сорана-Михаэла Кырстямен өткізді.

Қазақстандық теннисші биыл 21-ге толса, тәжірибелі қарсыласы 30-да еді.

Бірінші партияда үш бірдей брейкке қол жеткізген Е.Рыбакина румыниялық спортшыға бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық спортшы брейкпен алға кетті – 3:1. Дегенмен румыниялық теннисші де брейк жасап, есепті қысқартты – 3:4. Бірақ Рыбакина сол бойда қарымта қайырып, сосын матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.

Бәсеке 1 сағат 3 минутқа созылды.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 49-ракеткасы, франциялық Фиона Ферро немесе рейтингте 56-сатыдағы ұлыбританиялық Хитер Уотсонның біреуімен шеберлік байқасады.

Бүгін қазақстандықтардан алғашқы айналымда соңғы болып рейтингте 76-орында тұрған Зарина Дияс кортқа шығады. Ол әлемнің 35-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен сынға түседі. Мұның алдында Ю.Путинцева, М.Кукушкин және А.Бублик те Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастаған болатын.