16 қар, 2018 сағат 15:45

Теңіз кен орны ашылғалы Қазақстанға 132 млрд доллар табыс әкелді

Қазақстан Атырау облысындағы Теңіз мұнай-газ кен орнын игере бастағалы 132 млрд доллар табыс алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТШО баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«1993 жылдан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін ТШО компаниясының Қазақстан Республикасына тікелей құйған қаржылай төлемдері 132 миллиард АҚШ долларынан асты. Осы соманың ішіне қазақстандық қызметкерлерге төленген жалақы, отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің тауарлары мен қызметтерінің төлемдері, мемлекеттік кәсіпорындарға төленген төлемдер, қазақстандық серіктеске мемлекеттік бюджетке аударылатын салықтар және роялти түріндегі дивиденд төлемдері де кіреді. 2018 жылдың үш тоқсанында Қазақстан Республикасына тікелей төлемдер 7,2 миллиард АҚШ долларынан асты», - деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

Бұған дейін, Теңіз кен орнында биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 21,5 млн тонна немесе 171,3 млн баррель мұнай, 1 млн тонна сұйытылған газ, 6,9 млрд текше метр құрғақ газ және 1,8 млн тонна күкірт өндірілгенін хабарлаған болатынбыз.