03 қыр, 2020 сағат 08:37

Теңге депозиті бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бекітілді

Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры 2020 жылдың қазан айына теңгелік депозиттер бойынша ең жоғары ұсынылатын сыйақы мөлшерлемесін бекітті. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Депозиттердің көпшілігі бойынша мөлшерлемелер бұрынғы деңгейінде қалды. Мерзімсіз депозит бойынша мөлшерлемелер Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне сәйкес келетіндіктен, жылына 9 пайыздық деңгейде сақталады.

«Толықтыру құқығы жоқ, 24 айға арналған мерзімді және жинақ депозиттер бойынша ғана нарықтық мөлшерлеме өзгеріске ұшырады. Сәйкесінше осы салымдар бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлеме қайта қаралды.

Мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылық ауытқымасының өзгеруі (мерзімдер арасындағы спредтің қысқаруы), сәйкесінше толықтыру құқығы құнының жоспарлы түрде қайта қаралуы нәтижесінде толықтыру құқығы бар, 1 және 2 жылға арналған мерзімді және жинақ депозиттердің шекті мөлшерлемесі өсті. Депозиттің осы түрлері мерзімсіз салымдармен салыстырғанда тартымды бола түсуде», – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.