13 қаң, 2021 сағат 11:02

Теңге бір жыл ішінде 10 пайызға әлсіреді – Ұлттық банк

Валюта нарығындағы 2020 жылдың қорытындылары және өткен жылды сипаттайтын жаһандық оқиғалар туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің экономикамыз наурыз-сәуір айларында валюталық нарықта біраз қысымға ұшырады. Жалпы, валюталық нарығымыз тек осы екі айда емес, бүкіл жыл бойы сыртқы факторлар тарапынан үнемі қысымға түсіп тұрды. Әлемдік нарықтағы алма-кезек құбылған оқиғалар, мұнайдың арзандағаны, активтерін тәуекелге тігуден қорқып, үрке бастаған инвесторлар ұлттық валютаның қарқынына тікелей әсер етті. Наурыз және сәуір айларында ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 448,5 теңгеге дейін құлдыраған соң (жыл басынан бері 17,2% құлдырауы) сыртқы нарықтағы түзетулер фонында шығынының жартысын баяу болса да қалпына келтіре бастады», - деді Әлия Молдабекова. 

Ішкі валюталық нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет кешенді іс-шараларды қолға алды.

Біріншіден, сатылым төмендеген кездегі жекелеген кезеңдерде валюталық нарық дұрыс жұмыс істеу үшін Ұлттық банк нарықты интервенциялар арқылы қолдап отырды. Бір жылдағы интервенциялар көлемі 1,905 млрд АҚШ долларын құрады. Интервенция ақпан, наурыз, қыркүйек және қазан айларында жасалған болатын. Ең үлкен интервенция нарық күрт құлдыраған наурыз айында жасалды, көлемі - $1488 млн.

«Екіншіден, KYC немесе «өз клиентіңді біл» процедураларына сәйкес, валюталық операциялардың ашықтығын тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін ұлттық банктер айырбастау операцияларын алдын ала тексеріп, сатып алған валюталардың заңнамалық мерзім ішінде қаншалықты мақсатты пайдаланылғанын тексерді. Нарықтағы тараптар бағаны қолдан қымбаттатпау үшін айырбастау пункттерінде сату курсын сатып алу курсынан қатты ауытқымайтындай талап орнады», - деп атап өтті спикер.

Үшіншіден, валюталық нарықтағы ұсыныс пен сұранысты теңестірудің маңызды факторы – ҚР бюджетіне түсетін кепілдендірілген трансферлер үшін валюталық конвертация жүргізу жөніндегі операциялар болды. Осындай конвертациялардың бір жылдағы жалпы көлемі шамамен $9,05 млрд болды.

Квазимемлекеттік сектордағы (КМС) субьектілер валюталық пайдаларын валюталық нарықта сатқанын да айта кеткен жөн. Осы норманың аясында КМС компаниялары жыл бойы шамамен 2,1$ сатты.

«Сыртқы және ішкі нарықтағы жағдай тұрақталған кезде теңге бағамы наурыз-сәуір айларындағы құлдырау шегімен салыстырғанда, шамамен 6% нығайып, жыл соңында бір доллар 420,71 теңге болды», - дейді Ұлттық банк өкілі.

2020 жылдың екінші жартысындағы әлемдік нарықтың жағымды қарқынына қарамастан, дамушы нарықтардың кейбір валюталары жыл бойындағы ерекше факторларды есепке алғанда, біраз құнсыздануды бастан кешірді – Бразилия реалы 29,1%, түрік лирасы 25%, Ресей рублі 19,5% құнсызданды. Теңге бір жыл ішінде 10,0% әлсіреді.

Жалпы алғанда, ұлттық валютаның қарқыны әлемдік нарықтағы іргелі факторлар мен тенденциялардың трендін сипаттап отырды.